Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев бала тәрбиесімен айналысып жүрген ардақты жанды құттықтап, алғыс айтқан еді
Еңбек еленуімен құнды. Алматыда 41 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, саналы ғұмырын білім жолына арнаған педагог Global Teacher Prize 2026 атты әлемдегі ең беделді байқаудың финалисті атанып, дүниежүзінің үздік 50 мұғалімінің қатарына енді.
Қуанышты сәтке орай, Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин ұлағатты ұстазға арнайы сыйлық табыстап, шәкірттерінің алдында құрмет көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Татьяна Белоусова – химия пәнінің мұғалімі. 41 жылдан бері Алмалы ауданында орналасқан №95 мектеп-лицейінде үздіксіз еңбек етіп келеді. 2024 жылы еліміздің ең үздік педагогы атанса, биыл әлемдік деңгейдегі ең беделді байқаулардың бірінде топ жарып, дүниежүзінің ең үздік 50 ұстазының қатарына кірді. Бұл биік белесті бағындыру үшін ол өзінің жетістіктері қамтылған портфолио әзірлеп, түрлі тақырыпта эссе жазған. Сонымен қатар байқау талаптарына сай әлемге танымал ғалымдардан берілген ұсыныс-пікірлер де шешуші рөл атқарыпты.
«Өткен жылы да осы байқауға қатысып, барлық кезеңнен өттім. Алайда ол кезде үздік елу ұстаздың қатарына ене алмадым. Ал биыл қайтадан бақ сынап, топ жардым. Менің еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Себебі еліміздің намысын қорғап, Қазақстанның атын шығардым. Баршаңызға рахмет!» – деді № 95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова.
Ұлағатты ұстаздың қызметі тек класстағы сабақпен шектелмейді. Ол – жоғары сыныптарға арналған химия оқулығын жазуға да атсалысқан. Сонымен қатар парасатты педагог жас ұрпақтың көкжиегін кеңейту мақсатында «Мектеп Online» ұлттық білім беру жобасы аясында дәріс оқып жүр. Осы қажырлы еңбегін елеп, әлемнің ең үздік 50 ұстазының қатарына енген жанды Алмалы ауданының әкімі арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.
«Біздің ауданның мақтанышы. Бұл – біздің мектептен ұлағатты ұстаз шыққаны аудан емес, Алматы қаласы емес, Қазақстан бойынша мақтаныш. Әрбір істеген еңбегін біліп отырсыздар. Зор мақтанышпен құттықтаймыз!» – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ербол Қалдарбеков.
Татьяна Белоусованы әріптестері біз үшін де тағылымы мол, үлгі болар ұстаз ретінде сипаттайды. Ал шәкірттері оны сабақ беру әдісі өзгеше, үйретері көп тұлға деп мақтанышпен атап өтті.
«Татьяна Геннадьевна – мектебіміздің үлгілі, білікті ұстаздарының бірі. Біз жастар ол кісіден алатын сабағымыз да, үйренеріміз де өте көп. Ол кісінің білімі мен ұстаздық шеберлігі сабақ, өмір бойғы азық болады деп білеміз. Жетістіктері үшін ұжым мақтанамыз!» – деді № 95 мектеп-лицейінің мұғалімі Ғазиза Махимова.
«Татьяна Геннадьевнаны 7-сыныптан бастап білемін. Сол кезден химияны өте жақсы көремін. Ол бүкіл тақырыптарды өте қызықты, түсінікті өткізеді. Мен таңдайтын мамандығым медицина саласы. Сол таңдауыма Татьяна Геннадьевна апайымыз өте көмектесті. Рақмет айтқым келеді», – деді № 95 мектеп-лицейінің оқушысы Іңкәр Досаева
Айта кетейік, биыл әлемнің ең беделді ұстаздар байқауына 139 мемлекеттен 38 мыңға жуық педагог қатысқан. Солардың арасынан топ жарып, үздік 50 мұғалімнің қатарына енген жанның алға қойған мақсаты көп.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 50-ге жуық қола тиындар табылды