Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және министрлік өкілдері Президент Жолдауында белгіленген басым міндеттерді сала мамандарымен бірге талқылады
Елдің ертеңі – бүгін қабылданған шешімнің нәтижесі. Ал оның ең басты өлшемі – халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын жақсарту. Қызылордаға жұмыс сапарымен барған Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және министрлік өкілдері Президент Жолдауында белгіленген басым міндеттерді сала мамандарымен бірге талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында экономикалық өсімнің түпкі нәтижесі халықтың тұрмысынан көрінуі тиіс екенін атап өтті. Әсіресе, еңбек адамының табысы мен әлеуметтік қорғалуына басымдық берілді. Соның бір айғағы – ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру.
«110 мың теңге – өте аз айлық, адамдар бұған толық күн көре алмайды деген сұрақтар халық арасында жиі туындайды. Министрлік бұл соманы керемет жалақы деп отырған жоқ. Бұл – ең төменгі макроэкономикалық көрсеткіш қана. Осы арқылы көптеген есептеулер жүргізіледі, яғни жұмыс беруші бұдан төмен жалақы төлеуге құқылы емес деген сөз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев.
Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тетігі енгізілмек. Енді азаматтардың ресми табысымен бірге меншігіндегі жылжымайтын мүлігі, көлігі, кәсібі мен несиелік міндеттемелері де ескеріледі. Мұндағы мақсат – мемлекеттік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін қамтамасыз ету.
Жолдауда жиі айтылған тағы бір маңызды сала – білім беру. Шын мәнінде, елдің байлығы – тек жер қойнауындағы қазына емес, зерделі ұрпақ пен сапалы білім. Сондықтан білім беру жүйесін жаңғырту, инклюзивті білім мүмкіндіктерін кеңейту және заманауи технологияларды енгізу мәселелері айрықша сөз болды.
«Президенттің тапсырмасы бойынша елімізге мықты кадрлар керек. Оларды даярлау үшін «Сыр жұлдыздары» сияқты орталықтардың жұмыс істегені дұрыс. Тек жаттанды біліммен шектелмей, инновациялық тұрғыдан ойлайтын мамандар қажет. Сонымен қатар Президент сынаған қағазбастылық мәселесі әлі де бар, мұғалімдерді түрлі шараларға тым көп тартамыз. Сапалы білім алу үшін мұғалімнің оқушымен тікелей жұмыс істеуіне жағдай жасалып, әр балаға ерекше көңіл бөлінуі тиіс», – деді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов.
Мұғалім – ұлттың ертеңіне жауапты тұлға. Сондықтан оны артық міндеттерден арылтып, кәсіби ізденісіне жол ашу қажет. Жолдауда көтерілген әлеуметтік әділеттілік, сапалы білім және еңбек адамына құрмет секілді бастамалардың түпкі мұраты да осыған саяды.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан
Оқи отырыңыз: Қостанайда «Qaz Talks» алаңында Президент Жолдауының басым бағыттары түсіндірілді