Енді азаматтардың жеке дерегін таратқандар қатаң жазаланады - Үкімет басшысы

Премьер-министр жеке деректерді қорғау мен алаяқтыққа қарсы шараларды күшейтуді тапсырды

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Енді азаматтардың жеке деректерін таратқандар қатаң жазаланады». Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп бекініп отыр. Үкімет басшысы «мұндай талап мемлекеттік органдармен қатар, қаржы ұйымдары, мобильді операторлар мен жеке бизнеске де қатысты» деді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бектенов енді ешкімді аямайды. Өйткені, елімізде телефон мен интернет арқылы қарапайым халықты алдап, қолындағы соңғы тиынына дейін алып қоятын, тіпті кредит алдыртып, банктерге қарыздар қылып қоятын алаяқтар көбейіп кеткен. Олардың дені құрбандарына шетелдік нөмірлер арқылы қоңырау шалады екен.

Жауаптылар жүктелген міндетті дұрыс атқара алмай отыр ма, әйтеуір, бүгін Үкімет басшысы алаяқтармен күресті күшейтуді тағы да тапсырды. Сондай-ақ Бектенов жиі қолды болатын азаматтардың жеке деректеріне ие бола алмайтындар қатаң жазаланатынын жеткізді.

«Жасанды интеллект және Ішкі істер министрліктері осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарын күшейтуі қажет. Деректер базасынан азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Бектеновтің бұлай деуіне себеп бар. Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыруды міндеттеген еді. Үкімет тапсырманы орындауға бел шеше кіріскен. Мәселен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі 2027 жылға қарай халықты 100 пайыз интернетпен қамтимын деп отыр. Сондай-ақ Жаслан Мәдиев алаяқтықпен күресуді мықтап қолға алғанын жеткізді. Ол үшін ведомство байланыс операторлары үшін жаңа талаптар енгізіпті.

«Атап айтсам, абоненттерді анықтау үшін биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілуде. Фрод немесе алаяқтық рұқсат етілмген байланыс трафигіне теңестірілді. Байланыс операторлардың және Ұлттық банктің антифрод жүйелері арасындағы өзара әрекет ету тәртібі бекітілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың басынан бастап 30 миллионнан астам күдікті қоңыраулар бұғатталды», - деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Отырыста Үкімет басшысына есеп берген байланыс операторларының басшылары да бірқатар жаңалықтың шетін шығарды. Мәселен, келер жылдан бастап байланыс сапасы төмен өңірлердің мәселесін шешуге арналған технология қолжетімді болады. Сонымен қатар ұлттық Wi-Fi операторы құрылады.

Баяндамашыларды тыңдаған Олжас Бектенов саладағы мәселелерге тоқталып, тиісті тапсырмалар берді. Оның айтуынша, байланыс нысандарын салу кезінде басы артық бюрократиялық кедергілер көп кездеседі. Бұл жұмысты созбаққа салады. Сондықтан жауаптылар бір ай ішінде мәселені шешуге қатысты нақты ұсыныс әзірлеуі керек. Ал интернет пен байланыс сапасы нашар аймақтардың әкімдеріне базалық стансалар қою үшін ыңғайлы орын бөлуді тапсырды.

Астандан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұялы байланыс тарифтері қымбаттайды: операторлар себебін түсіндірді

Новости партнеров