Енді қоғамдық орындарда ниқаб кигендер жауапқа тартылады

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Заңға қайшы контентті жариялағандар мен таратқандар да жазаланады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Заңда құқықбұзушылық профилактикасы жүйесі кеңейтіліп, профилактика субъектілерінің саны 13-тен 26-ға дейін артады. Оған отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар, қамқоршылық органдары, БАҚ, жастар ісі жөніндегі орталықтар, уәкілетті органдар және кәсіпкерлер кіреді.

Сонымен қатар профилактика моделінің өзі қайта қаралады. Енді оған жалпы, жеке және арнайы шаралар енгізіледі.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын, тануға кедергі келтіретін киім (ниқаб) кигені үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Құқықбұзушылық үшін бірінші рет ескерту жасалады, қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - делінген Мәжіліс хабарламасында.

Заңға қайшы контентті жариялағандар мен таратқандарға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұзушылықтардың себебін жою туралы нұсқауларын қасақана орындамағандарға қатысты жауапкершілік енгізіледі.

Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша азаматтық қорғаныс шараларын орындамағаны үшін мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен жергілікті билік органдарына жаңа жауапкершілік түрлерін көздейтін түзетулер енгізілді. Енді Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай адамдарды жауапкершілікке тартуға құқылы.

Оқи отырыңыз: Ашық және қолжетімді: Қазақстанда тұрғын үй көмегінің ережелері жаңартылды

Новости партнеров