«Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы энергетика және тұрғын-үй-коммуналдық секторды жаңғырту шараларының мәні мен мақсаттарын баяндады. Президенттің айтуынша, бұл сала кез келген мемлекеттің тірегі саналады, сондықтан инфрақұрылымды қалпына келтіру мен тариф саясатын әділ жүргізу аса маңызды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Шынымен де, Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр», – деді Президент.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайған. Бұл елдегі инфрақұрылым қауіпсіздігінің жақсаруына нақты мысал болып отыр.
«Дегенмен, әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өзгерту керек. Сондықтан, жаңғырту шаралары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент тариф саясатына да ерекше тоқталды. Арзан электр қуаты мен жанар-жағармайдың пайдасы көбінесе ірі кәсіпорындарға тигенін атап өтті. Ал қарапайым тұрғындар субсидияны шын мәнінде әділ пайдалана алмай келген.
«Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгерту қажет. Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан, тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі», – деді Президент.
Сондай-ақ, тарифтер жүйесінде «тұтынудың әлеуметтік нормасы» енгізілгенін айтты. Суды және электр қуатын үнемдеп пайдаланған тұрғындар ең төмен тариф бойынша төлем жасай алады.
«Бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тартып, әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ресурстарын таңдаулы адамдар емес, барша жұрт бірдей пайдалануға тиіс. Сонда ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалыптастыра аламыз. Осылайша, экономиканың сапалық тұрғыдан өсуіне зор серпін береміз», – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев