Келер жылы қарай бұл бағытқа қаржы көлемін 5,7 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген
Мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорттық дайындық орталықтарын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, паралимпиадашы Сейітжан Кенжеғұл мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, биыл осы бағытқа 4,9 млрд теңге бөлінсе, келер жылға қарай қаржы көлемін 5,7 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Депутат егемендік алған 35 жылдың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен қамқорлықтың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтті. Сондай-ақ ерекше жандардың Мәжіліс мінберінен сөз алып, ел дамуына үн қосуы мол мүмкіндік екенін де тілге тиек етті.
«Мүгедектігі бар азамат, оның ішінде көзі көрмейтін адамның Мәжіліс депутаты болуы немесе ҚР Президенті жанындағы халықтың әлеуметтік осал санаттағы құқықтары жөніндегі өкілі болуы, Мемлекет басшысының соған көңіл аударуы, үлкен міндет артуы бұрын мүмкін емес болатын. Қазір, соңғы екі үш жылда осы істер қолға алынып, Президентіміздің арқасында іске асып жатыр», - деді ҚР Президенті жанындағы Әлеуметтік осал топтар құқығы жөніндегі уәкіл Сейітжан Кенжеғұл.
Бейжің Олимпиадасының грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақтағы күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев егемендік декларациясының 35 жылында спорт саласына айрықша назар аударылғанын атап өтті. Оның айтуынша, тәуелсіз Қазақстанның спорттағы алғашқы үлкен қадамы 1996 жылы Атланта Олимпиадасынан бастау алған. Ал биыл, 2025 жылы Хорватияда өткен грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 60 келі салмақта Айдос Сұлтанғали алтын медаль иеленіп, ел абыройын асқақтатты.
Нұрбақыт Теңізбаевтың пікірінше, мұндай жетістіктер еліміздегі спорт инфрақұрылымының жаңарып, жүйелі дамуға серпін береді.
«Елімізде спорт саласында үлкен өзгерістер бар. Оның ауыз толтырып, мақтанышпен айтатыны – спорт саласында көптеген инфраструктуралар, үлкен спорт кешендер, ғимараттар бой көтерді. Республика күнімен барша қазақ елін шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасында жақсылық, қуаныш, молшылық болсын. Заманымыз тыныш болсын, еліміз гүлдене берсін», - деді Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда өткен турнирде әлемдік теннис жұлдыздары бақ сынады