Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Баршаңызға Волонтерлер форумының ашылуы құтты болсын! Бұл – шын мәнінде ерекше басқосу. Бәріңіз де бүгінгі форумға еліміздің әр аймағынан келіп жатсыздар. Мен Сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын.
Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Өздеріңіз білесіздер, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтердім. Еліміздің ұсынысы жаһандық ауқымда қолдау тапты. Біз өркениетті ел ретінде күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейміз, оны келешек ұрпаққа аманат етеміз.
Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз. Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдайды, еріктілер қатарына қосылып, қажырлы еңбек етеді. Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды», - деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы форумда айтылған ұсыныстарды қолдайтынын және олардың ең пайдалысын жүзеге асыру бойынша тапсырма беретінін жеткізді.
«Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын. Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүрсіздер! Еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Жаңа ғана бірнеше азамат сөз сөйледі, салмақты ойларын ортаға салды. Ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбін мен қолдаймын, ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Бәріңізге «Жарайсыздар!» деп айтқым келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еріктілер туралы «Сіздер «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер» деп атап өтті.
«Қазақ – болмысынан кеңпейіл халық. Қиналған адамға қол ұшын беру – ұлтымыздың бойында бар асыл қасиет. Бабаларымыз жақыныңа жанашыр болуды, табиғатты аялауды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. Ұлы Абай «толық адам» болудың бір шарты – жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, «Адал азамат» деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сын сағаттарда волонтерлер кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істегенін айтты.
«Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жандарға көмектесті. Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп. Халқымыз «Жақсыны ісінен таны» деген. Сіздер қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға мәлім, мен Мемлекет басшысы ретінде еріктілер қозғалысына ерекше мән беремін», - деді Қ. Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Президент Испания короліне құттықтау жеделхатын жолдады