Қазақстанда волонтерлер саны 300 мыңға жетті - Мемлекет басшысы

Ақорда
Ақорда

Мемлекет басшысы волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысқа қолдау білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөйлеген сөзінде бүгінде еліміздегі волонтерлердің саны 300 мыңға жеткенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан «волонтер болам, қоғамдық іспен айналысам» деген әрбір азаматты қолдайды. Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.

Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғамға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасампаз жастарға зор үміт артамын. Біз бәріміз бір ел болып, ауқымды шаруа атқардық. Енді тоқтамай, тек қана алға қарай жүру үшін заман ағымына сай болу өте маңызды. Сондықтан еріктілер қозғалысын дамытуға қатысты бірнеше өзекті міндетке тоқталайын», - деп атап өтті Президент.

Осылай деген Мемлекет басшысы волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысқа қолдау білдірді.

«Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек. Мен Жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Соған сәйкес нақты жұмыс істеліп жатыр. Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санайтынын жеткізді.

«Халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұр. Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына атсалысып келеді. Бұл біздің азаматтарымызға жаһандық волонтерлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Еріктілеріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын. Қазақстан БҰҰ-мен қатар ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр. Мәселен, биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді.

Өздеріңізге мәлім, еліміздегі Халықаралық еріктілер жылы «Орнықты келешек үшін бірге!» ұранымен өтуде. БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізу көзделген. Аталған жиындарға түрлі мемлекеттерден еріктілер шақырылады. Кең байтақ өңіріміздің қайталанбас экожүйесін сақтауға бағытталған бұл бастамаларды қолдаймын», - деді Қ. Тоқаев.

Осылай деген Мемлекет басшысы азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет екенін, бұл – өркениетті қоғамға тән өте маңызды құндылық екенін айтты.

 «Бүгінде еріктілер елді мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар былтырдың өзінде «Таза Қазақстан» аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ волонтерлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды. Осындай игі істер арқылы елімізде жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл – біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі. Әсіресе, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау өте маңызды. «Таза Қазақстан» қозғалысын ұлттық идея және мемлекеттік саясат ретінде міндетті түрде кеңінен дәріптеп, жалғастыру қажет», - деп атап өтті Президент.

Оқи отырыңыз: Президент: Ерікті болу – игі іс жасау, Отаныңа адал қызмет етіп, туған жеріңе жанашыр болу

Новости партнеров