Ерлан Саиров: XXI ғасырда тезек теріп, көмір жағу - ұят

Мәжілісмендер тиісті заңға өзгерістер енгізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді газды нормадан көп тұтынатындар төлемақыны бұрынғыдан көп төлейді. Мәжілісмендер тиісті заңға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

«Елімізде газ бағасы әділ есептеліп отырған жоқ». Әріптестеріне заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин осылай деді. Сөзінше, тариф белгілеген кезде кімнің нақты қанша газ тұтынатыны және қай климаттық аймақта тұратыны ескерілмейді. «Қазіргі жүйе қазақстандықтардың газды үнемдеуіне көмектеспейді» деген халық қалаулысы тиісті заңға енгізілетін ұсыныстарға тоқталды.

«Жылы өңірде орналасқан ауданы 200 шаршы метр тұрғын үй суық климатты өңірдегі осындай үйге қарағанда газды көбірек тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде көрініс таппайды. Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатын бұзып, газды үнемдеуге ынталандырмайды. Осыған байланысты заң жобасында тұтыну нормаларын бекіту және белгіленген нормадан асқан жағдайда баға белгілеуге сараланған тәсіл қолдану ұсынылады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Құжаттағы тағы бір өзгеріс, енді жаңадан салынатын автожанармай құю стансалары тек жерасты резервуарларымен салынуы тиіс. Яғни, сұйық отын мен газ жердің астында сақталады. Депутаттың айтуынша, бұл– қауіпсіздік мәселесі. Қазір елдегі үш мың автогаз құю орындарының 90 пайызының резервуарлары жердің үстінде орналасқан.

«Қолданыстағы станциялар үшін 2031 жылдың 1 қаңтарға дейін резервуарларды жер астына көшіру жөнінде өтпелі кезең белгілеу. Заңнамада белгіленбеген орындарда көлік құралдары мен тұрмыстық баллондарды газбен толтыруға тыйым салу ұсынылады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

«2028 жылға қарай елімізде газ тапшылығы болуы әбден мүмкін. Өйткені, қолданыстағы газ қорларына жүктеме үлкен». Осылай деген депутат Мархабат Жайымбетов көгілдір отынды тұтыну көлемі 21,6 миллиард текше метрге жеткенін және оның одан әрі өсіп отырғанын айтты. Бүгінде өңірлерге газ тарту деңгейі 64,2 пайызға жеткен. Мәжілісмен егер уақытылы нақты шешімдер қабылданбаса, ертең бұл мәселе әлеуметтік және экономикалық салдарға ұласуы мүмкін деп алаңдайды. Ал Энергетика вице-министрі тапшылық болмайды деп сендіріп отыр.

«Қазіргі таңда газ өндіру, газ өңдеу зауыттары салынып жатыр. Біреуі 2026 жылдың соңына дейін Қашаған кен орнында берілетін болады. Келесі жылы Жаңаөзенде КазГПС зауыты жөндеуден өтеді. Сол себептен ресурстық база ұлғайып, дефициттің сұрағы жабылады деп сенеміз», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.

Депутат Ерлан Саиров алыстағы ағайынның жағдайына уайымдайды. Ол  Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында тезек пен көмір жағып, жылынып отырған жұрттың жағдайын жақсартып, газ жеткізіп беру керек деп жауаптыларға шүйлікті. 

«XXI ғасырда тезек пен көмірмен отыру деген ұят деп ойлаймын. Президент ұлттық компаниялардағы «кофе ішетіндердің барлығын босатыңдар» деді. Мынау QazaqGaz-да 10 мың адам жұмыс істейді. 350 миллион куб өздері өндіреді. Салалық министрліктің өкілі «Шығыс Қазақстанға газды апарудың ауылы өте алыс» деп айтып отыр. 10 мың кофе ішетін адамды босатып, соның ақшасын газды тартуға жіберу керек. Ол –  халықтың ақшасы», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Көгілдір отынды қашықтан есептейтін құралдарды халыққа газ жеткізуші компания өз қаражатына ауыстырып береді. Халық қалаулылары осындай ұсыныс айтты. Жобаны талқылау кезінде жұмыс тобына 150-ден астам түзетулер түскен. Ал бүгін отырысқа қатысқан 91 депутаттың біреуі дауыс бермесе, енді біреуі қарсы шығып, тағы бірі қалыс қалды. Осылайшы төменгі палата заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, сенаторларға жолдады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз көлік жуу нысаны сүріліп жатыр

Новости партнеров