Ертіс суына батып бара жатқан баланы құтқарған азаматтар марапатталды

Озерки ауылының балалары өзен жағасында ойнап жүргенде, біреуі суға құлап кеткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Семейде жеті жастағы жеткіншек Ертістің суына батып кете жаздады. Озерки ауылының балалары өзен жағасында ойнап жүргенде, біреуі суға құлап кеткен. Ағысқа қарсы жүзе алмаған оның жан дауысын атпен серуендеп жүрген жігіттер естіп, бірден көмекке ұмтылыпты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Атты жігіттер баланың көмек сұраған дауысын алыстан естіп қалған. Жақындап келгенде, суға батып бара жатқан жеткіншекті көреді. Санат Ерғалиев алдымен атпен суға кірмек болған. Бірақ өзен терең әрі балдырлы болғандықтан ол жүзе алмаған.

«Құтқаруға бардым, ат малтый алмай қалды. Балдыр қатты, терең аттың өзі батып кете жаздады. Ат біреудікі болған соң, тәуекел ете алмадық», – деді Cемей қаласының тұрғыны Санат Ерғалиев

Сол сәтте Тимур Рахымжанов баланы құтқару үшін бірден суға секірген. Өзен суына тұншығып, жанұшыра жармасқан Константинді жағаға алып шығу оңай болмапты.

«Қиындық болды, суға түскеннен кейін, қайтып бара жатқан кезде аяқ-қолым талғанын сездім де, су жұтып қойдым. «Батып кететін сияқтымын» дген ой келді.  Санатты көммеккке шақырдым. Ол  қол ұшын беріп, баланы бірге алып шығып, мектепке апардық», – деді Семей қаласының тұрғыны Тимур Рахымжанов.

Әрмен қарай жедел жәрдем шақырып, жеткіншекті дәрігерлерге тапсырыпты. Ал періштесі қаққан баланың ата-анасы болған оқиғаны кейін естіген.

«Күйеуміз екеуміз отырғанда кішкентай балам келді. «Костя суға батып кетті» деді. Абырап қалдық, сенбедік.  Күйеуім бірден жүгірді. Қазір баламның жағдайы жақсы,  дәрігерлерге бардық», – деді Озерки ауылының тұрғыны.

Самат Ерғалиев ат баптайды, ал Тимур Рахымжанов дзюдодан жаттықтырушы. Жігіттердің ерлігіне ауыл тұрғындары алғыс айтып, төтеншеліктер жоғары бағасын берді.

Динара Ерболқызы,  Абай облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда балалар контентінің сапасы талқыланды