Есірткі мен психотроптық заттар сатумен айналысқан топтардың жолы кесілді - ІІМ
Психотроптық препараттарды заңсыз сатқан 21 адам ұсталды
Ішкі істер министрлігі есірткі құралдары мен күшті әсер ететін психотроптық препараттардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың жолын кесу бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство мәліметінше, қазан айында еліміздің бірнеше өңірінде аталған препараттарды жеткізу арналары анықталып, оларды заңсыз өткізу схемаларының жолы кесілді. Атап айтқанда, Көкшетау, Щучинск қалалары мен "Бурабай" курорттық аймағында препараттарды жеткізу мен таратуды жолға қойған қылмыстық топ мүшелерін бір мезгілде ұстау операциясы жүргізілді.
"Барлығы 11 адам ұсталды. Олардың қатарында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер және өзге де тұлғалар бар. Тінту іс-шаралары барысында "Тропикамед" препаратының 50 мыңнан астам құтысы және осыған ұқсас басқа да препараттардың шамамен 4 мың бірлігі тәркіленді.
Сонымен қатар атыс қаруы, оқ-дәрілер, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі ақша қаражаты, оның ішінде шетел валютасы анықталып, тәркіленді", - делінген ІІМ хабарламасында.
Осыған ұқсас іс-шаралар Қарағанды және Теміртау қалаларында да жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті қылмыстық орта өкілдері кірген 10 адамнан тұратын топ ұсталды. Олардың Қарағанды облысының аумағында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды өткізуге қатысы бар екенін растайтын дәлелдер жиналды.
Тінту барысында психоактивті заттар, травматикалық және суық қару анықталып, тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
- Мұндай қылмыстар қоғамға елеулі қауіп төндіріп, адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардаптар әкелуі мүмкін.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасының қызметі тоқтатылып, қауіпті өнімдердің едәуір көлемі заңсыз айналымнан алынды және олардың халық арасында одан әрі таралуына жол берілмеді.
ІІМ осындай қылмыстарды анықтау және жолын кесу, заңсыз схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау және оларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы кімдер қосымша төлем алады