Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы кімдер қосымша төлем алады

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Бұл қолдау әсіресе еңбек ету қабілетінен немесе асыраушысынан айырылған жағдайда маңызды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Оның мақсаты – әлеуметтік тәуекелге тап болған жұмыс істейтін азаматтарға қосымша қаржылай қолдау көрсету. Бұл жүйе бойынша төлем алу құқығы азаматтың жүйеге қатысуына және жұмыс берушінің оның атынан әлеуметтік аударымдар төлеуіне байланысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінен хабарлағандай, 20 жылдан астам уақыт ішінде жүйе дамып, әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен оларды тағайындау тәртібі жетілдірілді. Қазір бірқатар қызмет электронды және проактивті форматта көрсетіледі.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған және жұмыссыз қалған азаматтарға, сондай-ақ ана мен баланы қолдау мақсатында әлеуметтік төлемдер тағайындайды.

Айта кету керек, МӘСҚ төлемдері мемлекет беретін әлеуметтік кепілдіктерді алмастырмайды, керісінше, оларды толықтырады. Яғни, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азамат әлеуметтік тәуекелге тап болған жағдайда мемлекеттік жәрдемақымен қатар қосымша төлем ала алады. Оның мөлшері бұрынғы еңбек қызметі мен өзі үшін төленген әлеуметтік аударымдарға байланысты есептеледі.

"Бұл қолдау әсіресе еңбек ету қабілетінен немесе асыраушысынан айырылған жағдайда маңызды. Мұндай кезде азаматқа немесе оның отбасы мүшелеріне республикалық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар МӘСҚ-дан қосымша әлеуметтік төлем беріледі", - делінген комитет хабарламасында.

Еңбек ету қабілетінен айырылғандарға төлем қалай беріледі?

Еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем азаматқа белгіленген еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі сақталған кезеңде, яғни зейнет жасына жеткенге дейін төленеді. Бұл ретте азаматтың жұмысын жалғастыруы төлем алу құқығына әсер етпейді.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты 97,6 мың адамға жалпы сомасы 45,3 млрд теңге төленді. Ал жүйе іске қосылғалы бері осы мақсатқа 338 млрд теңге бағытталған.

Асыраушысынан айырылған отбасы қандай қолдау алады?

Асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем қайтыс болған адамның асырауында болған отбасы мүшелеріне тағайындалады. Ол балалар кәмелет жасына толғанға дейін төленеді. Егер олар күндізгі бөлімде білім алса, төлем 23 жасқа дейін жалғасады.

Осылайша, азаматтың еңбек еткен жылдары міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы нәтижесінде қалыптасқан әлеуметтік қолдау құқығы ол қайтыс болғаннан кейін де отбасы мүшелеріне көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазір асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 68,5 мың отбасы алып отыр. Бұл мақсатқа МӘСҚ-дан 33,3 млрд теңге бөлінген.

Ал жүйе жұмыс істей бастағаннан бері асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлемдерге 236 млрд теңге бағытталған.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің басты ерекшелігі – азаматтар мен олардың отбасыларына қиын жағдайларда бір реттік емес, ұзақ мерзімді қаржылай қолдау көрсету.

Оқи отырыңыз: 4 қарашада Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр