Күдікті жазадан құтылып кету үшін бой тасалап, шекара асып кеткен
Есірткі сатып сотталып, 6 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық Ресейден елге жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бас прокуратураның мәліметінше, ол 2014 жылы Павлодар қаласында бір топ адаммен өзара келісіп, аса ірі көлемде зиянды зат саудалаған. Полиция күдіктіні 66 келі марихуана мен 8 келі гашиш тасымалдап жүрген кезінде ұстаған. Алайда 2015 жылы ол сот үкімімен ақталған. Кейін прокурордың наразылығынан кейін ақтау үкімінің күші жойылып, оған 10 жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сол кезде күдікті жазадан құтылып кету үшін бой тасалап, шекара асып кеткен.
«Өткен жылдың желтоқсанында іздеудегі адам Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, енді жоғарыда аталған жазасын өтеуі керек», – деді ҚР Бас прокуратурасының өкілі Әсел Берқалиева.
Оқи отырыңыз: Түркістанда рұқсатсыз бой көтерген 562 нысан анықталды