Сот санкциясымен күдіктілердің 6 автокөлігіне тыйым салды
Павлодар облысындағы «Богатырь көмір» компаниясынан 123 миллион теңге ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, бірқатар коммерциялық компания басшылары бұрын пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жаңа зауыттық өнім ретінде кәсіпорынға жеткізу схемасын ұйымдастырған. Құйтырқы әрекетті іске асыру үшін тауар мен материалдарды қабылдауға жауапты «Богатырь көмір» серіктестігінің қызметкері тартылған. Ол талаптарға сәйкес келмейтін бөлшектерді еш кедергісіз қабылдап отырыпты. Күдіктілер екі жыл бойы жалған сәйкестік сертификаттары бойынша реакторлар, цилиндр блоктары, автотіркемелер және тежегіш жүйелерінің бөлшектерін жаңа өнім ретінде жеткізіп келген. Олар қылмыстық жолмен алынған қаржыны компания мен жеке кәсіпкерлер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.
«Тінту барысында күдіктілерден 27 миллион теңге қолма-қол ақша тәркіленді. Сот санкциясымен күдіктілердің 6 автокөлігіне, соның ішінде «Cadillac Escalade», «Range Rover», «Toyota Land Cruiser 250» сияқты автокөліктеріне тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынды. Тергеп-тексеру жалғасуда», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Құс тұмауы жоқ: СҚО тұрғындары ресми ақпаратқа сенбейді