Eurasian Film Market 2025: отандық фильмдердің саны 6,2 пайыз өсті

Almaty.tv
Almaty.tv

Мамандардың дерегінше, 2024 жылы елімізде үлкен экранға шығарылған қазақстандық авторлардың туындылары мөлшері жағынан Еуропа елдерінің өнімін артта қалдырған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандағы кинотеатрларда көрсетілген отандық фильмдердің саны екі жылдың ішінде 6,2 пайызға өскен. 2022-де көрсеткіш 15,4 процент болса, былтыр 21,6 пайызға жетіпті. Бұл ақпарат Eurasian Film Market 2025 халықаралық форумында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған Eurasian Film Market биыл да талай үздіктің басын қосты. Саланың сарапшылары мен продюсерлер, кинотеатр басшылары білген-түйгенін ортаға салатын бұл іс-шараның алғашқы күні-ақ киноиндустриядағы жетістіктер айтылып, деректер талданды. Медиаконтент тілі, өңірлердегі кинотеатрларды дамыту жайы, аудиториямен байланыс тақырыбына да көп көңіл бөлінді. 

«Жыл сайын форумға қатысушылардың саны артып келеді. Серіктестер де көп. Отандық телевизия мен киноиндустрияны алыс-жақын шетелдерге таныту – жобаның басты міндеттерінің бірі. Өзге мемлекеттермен ынтымақтастық орнатып, саладағы жағдайды жақсарту үшін барымызды саламыз», – деді Eurasian Film Market негізін қалаушы Елена Ларионова.

Бағдарламаға сай, форум аясында тағы 3 тақырыптық жиын өткізу көзделіпті. Сондай-ақ көрермен қауым назарына француз фильмдері де ұсынылмақ. Деректі, романтикалық әрі драма жанрындағы жаңа 3 туындыны алматылықтар тегін тамашалай алады.

«Бізде саннан бөлек, сапаға да мән беріліп жатыр. Ай сайын Қазақстанда 10 фильм түсіріледі. Одан келетін пайда да аз емес. Осы жетістіктің арқасында елдегі режиссерлер өзге елдерде де танымалдыққа ие болып жүр. Осы тұста, мемлекетімізде кино өндірісі өте жылдам дамып жатыр деп айта аламын», – деді Қазақстанның креативті индустрия альянсының басқарма мүшесі Давид Туганов.

Халықаралық іс-шара екі күнге жалғасады. Биыл сатылымға арналған тиімді стратегияларды анықтауға, Орталық Азиядағы өнімдердің әлемдік нарыққа шығуына жағдай жасауға басты назар аударылады.

Атап өтейік, форум бұған дейін де 150-ден аса кино, медиа компанияларды бір арнаға тоғыстырып үлгерген.   

Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген

Новости партнеров