Фельдшер өлімі: сотта техникалық сараптама нәтижесі жарияланды

Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов оқыған қорытындыға сәйке, қасбеттің қаптама қабатының жағдайы аса қауіпті болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына себеп болған ғимараттағы жарықтар 2017 жылдың өзінде байқалған. Бүгін сотта техникалық сараптама нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов оқыған қорытындыға сәйкес, қайғылы жағдайға бірнеше құрылымдық кемшілік пен сыртқы қабырғаларды кірпішпен қалау технологиясының бұзылуы себеп болған. Әсіресе қасбеттің қаптама қабатының жағдайы аса қауіпті болған.  

 Бұдан бөлек, тұрғын үйдің әу баста бес қабатқа есептелгені, бірақ тоғыз қабат салынғаны да айтылды.

«Негізгі себептер: ғимаратта жобада қарастырылған арматуралық белдеулер мен арматуралық торлардың болмауы немесе дұрыс орнатылмауы, сыртқы қаптау қабатының негізгі қабырғаға дұрыс бекітілмеуі, кірпіштердің арасындағы жіктердің ерітіндімен дұрыс толтырылмауы және кей жерлерде бос қалуы. Техникалық тұрғыдан алғанда, бұл ақаулар уақытында анықталып, тиісті шаралар қолданылғанда қираудың алдын алуға болатын еді», – деді мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Әбуов.

Сондай-ақ сотта 2021 жылы үйдің қасбетін жөндеуге қатысқан өндірістік альпинист Станислав Тимуш жауап берді. Оның айтуынша, маманды сол кездегі үй төрағасы Гүлжаухар Ахметова шақырған. Ол қасбеттің кей бөліктерінде жарықтар бар екенін айтып, сол жерлерді жөндеуді тапсырған. Алайда ол кезде ғимараттың бүкіл қасбеті толық тексерілмеген. Мамандар тұрғындар көрсеткен жерлерге ғана жөндеу жүргізіпті. Ал кейін опырылып, адам өліміне әкелген қасбет бөлігі мүлде тексерілмеген.

«Менің түсінуімше, олар көзбен қарап, ешқандай ақау байқамаған. Сондықтан ол жерде жұмыс істемедік. Бірақ ғимарат толық тексерілген жоқ. Толық тексеру үшін әлдеқайда көп жұмыс қажет болар еді. Негізі ғимараттың бүкіл периметрі бойынша төмен түсіп, қасбеттің барлық бөлігін мұқият тексеру керек еді. Ал бізге ақау бар жерлерді ғана көрсеткен, біз сондағы кемшіліктерді жөндедік», – деді өнеркәсіптік альпинист Станислав Тимуш.

Оқи отырыңыз: Пәтер не көлік алғанда не ескеру керек: алматылықтарға сарапшылардан маңызды кеңес