Ғасыр куәгерлері: 70 жыл отасқан қазыналы қариялардың өмірлік ұстанымы қандай

Тың игеру жылдары Ақмола облысында танысқан олар дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сыр өңірінде бір ғасырдың куәсі болған ерлі-зайыпты жандар бар. Еңбек ардагерлері Бәкір Ысқақ пен Аманкүл Момбаеваның отасқандарына жетпіс жылдан асып отыр. Қазыналы қария мен ақ жаулықты ана қарапайым қалпымен-ақ көпке өнегесін көрсетіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбек ардагері Бәкір Ысқақ 96 жасты толтырса, жары Аманкүл Момбаева 94 жаста. Тың игеру жылдары Ақмола облысында танысқан олар дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерген. Содан бері бірге бақытты ғұмыр кешіп келеді.

«Немерең нешеу?» деп сұрайды. Мен санын айтпаймын. Шүкір! Солардың ортасында кемпір екеуміз отырмыз. Алла тағаланың бұл – бізге берген бір сыйы», – деді еңбек ардагері Бәкір Ысқақ.

«Балаларыма кітап оқыңдар» деп айтып отырамын. Адамды адам ететін еңбек қой. «Кітап оқысаңдар, іздегенің алдыңнан табылады» деп кеңес беріп келем», – деді еңбек ардагері Аманкүл Момбаева.

Қос қарияның жүріс-тұрысы әлі де тың. Бәкір ақсақал саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаса, Аманкүл әже кітапханашы болған. Жүзге жақындаған олар 5 ұл, 4 қыз өсірген. Бүгінде балаларының алды 70-тен асыпты.

«Бәрімізге білім берді, махаббатымен өсірді. Әкем де, анам да айтатын ақылы – адам болу. Біз әке-шешемізге, олар бізге марқайып, өмір сүріп жатырмыз», – деді ардагер ұстаз Мінаж Ысқақова.

Жарасымды жанұяның іргесін бірге қалап, жетпіс жылдан бері жұптары жазылмаған жұбайлар әнді де әлі күнге қосыла шырқайды. Тағдырдың тауқыметімен қатар қызығын бірге бастан өткерген қарттар соғыстың салқынын сезініп, қиындықтың қадірін жете түсінген. Мәуелі бәйтеректей абыз қария мен кейуана – ұрпағының ғана емес, елдің де тілеуқоры.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда

Оқи отрыңыз: Жұлдыз Сүлейменова белсенді оқушылармен кездесті