Аталған сала қызметкерлері елімізде ең жоғары айлық алатын жұмысшылардың қатарына енген
Қазақстанда оқуды енді аяқтаған жас геологтың айлығы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Ал тәжірибесі мол сала қызметкері кем дегенде бір миллион теңгеден астам жалақыға жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, аталған сала қызметкерлері елімізде ең жоғары айлық алатын жұмысшылардың қатарына енген. Алайда көптеген компаниялар тек тәжірибелі мамандарды ғана жұмысқа тез қабылдайтын көрінеді. Сондықтан жауаптылар жас геологтарды тереңірек оқытып, шетел тәжірибесін үйретіп жатыр.
"Геолог мамандығы асқан шеберлікті талап етеді. Сондықтан жұмыс берушілер көп жағдайда тәжірибесі мол қызметкерлерді жалдауға ниетті. Біз «Жас геолог» корпоративтік қоры оқушыларды халықаралық жарыстарға апарып, жас мамандарды даярлау бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Биыл балалар Мәскеуде өткен халықаралық геологтар олимпиадасында жүлделі орын алды", – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің комитет төрағасы Ерлан Ақбаров.
Ерлан Ақбаровтың айтуынша, геология мамандығына қызығатын жастардың қатары артқан. Мәселен, бірнеше жыл бұрын бұл саланы 1 мың 224 түлек игерсе, биыл тау-кен саласындағы мамандықты 3 мыңнан аса білімгер тәмамдаған. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің дерегіне сәйкес, аталған түлектердің 98 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.
Оқи отырыңыз: Өндірістік жарақат: Іле ауданындағы зауыттардың бірінде жарақат алған жұмысшы мүгедек болып қалуы мүмкін