Өндірістік жарақат: Іле ауданындағы зауыттардың бірінде жарақат алған жұмысшы мүгедек болып қалуы мүмкін

Туыстары оның еміне кететін қыруар қаражатты зауыт басшылығынан сұрап шаршағанын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Іле ауданындағы зауыттардың бірінде жарақат алған жұмысшы мүгедек болып қалуы мүмкін. 39 жастағы азаматтың жақындары редакциямызға хабарласып «өндіріс орнында қауіпсіздік ережелері еленбей келген» деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

39 жастағы Әлімжан Әділханның Жәпек батыр ауылындағы кірпіш зауытына жұмысқа орналасқанына 3 ай ғана болған. Ол отбасымен бірге сол мекеменің жатақханасында тұрып жүрген. Оқыс жайт болған күні Әлімжанның аяғын кірпіш тасымалдайтын құрылғы басып қалып, саусақтары қатты зақымданған. Жақындарының сөзінше, қансырап жатқан ер азаматқа бірден жедел жәрдем шақыртылмаған, ал туыстарына тек келесі күні хабар берген.

"Басында 3 саусақ зақымданды деген. Енді дәрігер кесетінін айтты. Аяқ асқынып кеткен", – деді Ә. Әділханның анасы Сайраш Молдаберген.

Ауыр жұмысты еңсеріп жүрген азамат мүгедек болып қалуы мүмкін деп жақындары жыларман күйге түскен. Туыстары оның еміне кететін қыруар қаражатты зауыт басшылығынан сұрап шаршағанын айтты. Олар «компания өндірістік жарақаттан кейін моральдық шығын мен емге қаржы бөлуі керек» дейді. Бірақ отбасы зауыт басшылығынын әлі нақты жауап ала алмай отырған көрінеді.

"Ақшасын бере ме, бермей ме, білмеймін? Заңды түрде шешілуі тиіс. Әлеуметтік шығыны бар, ауруханаға жатады, асырап отырған балалары бар. Әдеттегі жарақат емес, 5 бармақ, аяқ кесіліп отыр. Мүгедек болды", – деді Ә. Әділханның ағасы Айдынәлі Әділхан.

Әлімжан Әділханның заңгері зауыт басшылығы қауіпсіздікке селқос қарағанын алға тартып, мекемеге тексеріс жүргізу керек екенін айты.

"Жұмыскерлермен сөйлескенімде "бұл зауытта болған бірінші жағдай емес" деді. Жарақат алып, тіпті қайтыс болғандары да болыпты. Медициналық сараптаманың нәтижесін күтеміз. Бір ай арызымызды арқалап жүрдік, ақыры Іле ауданы полициясы қабылдады, қылмыстық істің қозғалғанын күтеміз", – деді заңгер Зарина Мамекова.

Әлімжан Әділхан ауыр жарақат алған мекемеге барып, жауап алуға тырыстық. Тілдесуге барған тілшілерге зауыт басшылығы жарақат алған азаматтың барлық медициналық шығынын өтеуге дайын екенін жеткізді. Тек оның ресми түбіртек көрсетуі керек. Компания қожайыны кірпіш зауытында қауіпсіздік ережелері қатаң сақталған дегенді алға тартты.

"Айдың бесіне дейін төлемін төледік. Менде құжаттары бар. Кеше бесінен кейін тағы төлеп қойдық. Енді олар "өтемақы ала аламыз ба, жоқ па?" деп отыр. Оның еңбекақысы жүріп отыр. Оның ақшасын біз ешкімнің қолына бере алмаймыз, Әділхан Әлімжан қол қойып алады. Облысқа танымал алдыңғы қатардағы өндіріс атына кір келтірмеуіміз керек", – деді мекеменің өндіріс жетекшісі Дәрмен Өмірғалиев.

Еңбекке жарамсыз болып қалған азаматтың жақындары медициналық сараптаманың нәтижесін күтіп отыр. Содан соң бірнеше ота жасатуға тура келетінін айтты. Ал отбасының заңгері Іле ауданының полиция бөліміне арыз қалдырғанын жеткізді.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болптбек, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Маймылдар шабуылы: Вьетнамнан оралған тұрғындар шұғыл екпе салды

Новости партнеров