Гонконгте өткен көрме аясында Алматының туризм күні ұйымдастырылды

Мегаполис Орталық Азиядағы ірі туристік хабқа айналып келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Азияның туристік нарығында Алматының беделі артып келеді. Гонконгте өткен туристік көрме аясында мегаполистің туризм басқармасы 30-ға жуық шетелдік компаниямен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Биыл 39-рет өткен маңызды басқосу шеңберінде Алматының туризм күні ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылардың сөзінше, саяхатшылар Орталық Азиядағы ірі туристік хаб ретінде танымалдылығын арттырып келе жатқан алып шаһардың әсем табиғатына қызығады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазақстанның табиғаты мен ұлттық салт-дәстүріне қызығушылық танытқан гонконгтік туристер Алматыны ерекше бағыт ретінде қабылдайды. Мәселен, осы жылдың алғашқы тоқсанында-ақ мәдени астанамызға Қытай Халық Республикасынан келген туристердің саны, шамамен, 40 пайызға көбейген. Келушілер ағынын әлі де арттыру үшін Гонконгте өткен туристік көрме шеңберінде Алматы әкімдігінің өкілдері 100-ден астам шетелдік агенттікпен кездесу өткізіп, іскерлік байланыс орнатты. 

«Жалпы, визасыз режимнің арқасында Қытай Халық Республикасынан келетін туристер саны едәуір артты. 2024 жылы Алматыға 99 мыңнан астам қытайлық саяхатшы келген. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 50 пайызға көп. Ал биылдың алғашқы тоқсанында ғана 20 мыңнан астам Қытай халық республикасының азаматы Алматыға ат басын бұрған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға жоғары көрсеткіш», - деді Алматы қаласы туризм басқармасының бас маманы Алмас Ақпаев.

Сала мамандарының айтуынша, былтыр Гонконг тұрғындары Жапония, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне 104 миллионнан астам сапар жасаған. Бұл – Алматы үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі, - дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде Алматы-Гуанчжоу бағыты бойынша тікелей рейс жұмыс істейді.

«Қазақстан – Гонконг, Қытай және Макао тұрғындарының қызығушылығын тудырып отырған елдердің бірі. Ұшу уақыты аса ұзақ емес, сондықтан жол шаршатпайды. Сонымен қатар, мұнда ауа райы жайлы. Қазақтың ұлттық тағамдары да ерекше әсер қалдырады. Бұрын дәмін татып көрмеген ас түрлері көп екен. Әсіресе жылқы етінен дайындалған тағамдар ерекше ұнады», - деді Гонконгтағы туризм кеңесінің өкілі Ольга Минакова.

Гонконгтегі халықаралық туристік іс-шарада Алматының стенді көптің назарын аудартты. Ұлттық киімдер, домбыра үні мен қазақ тағамдары көрме қонақтарының қызығушылығын оятты. Айта кетейік, жыл соңына дейін Алматыдан Шанхайға тікелей әуе рейсін ашу жоспарланыпты.

Гүлмарал Изатқызы, Айжан Дайрабай, Алмат Ілиясов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Отандық трансплантация: Жетісайда ер адамға туған қызы бүйрегін берді

Новости партнеров