Грант міндеттемесін орындамаған түлектерден 7 миллиард теңге өндірілді
Елде талапты орындауға міндетті 350 мыңға жуық азамат бар
Елде білім гранты бойынша өз міндеттемесін орындамаған түлектерден осы уақытқа дейін 7 миллиард теңге өндірілген. Заңға сәйкес, мемлекеттен тегін оқуға мүмкіндік алған студенттер білімін толықтырғаннан кейін мамандығы мен бағдарлама түріне қарай өз бағыты бойынша кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті. Белгіленген талап орындалмаған жағдайда олардың оқуына жұмсалған қаражат кері өндіріліп алуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Білім гранты тек мүмкіндік емес, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Заң бойынша мемлекеттен тегін оқуға мүмкіндік алған түлектер дипломын алған соң өзі мамандығымен кемінде үш жыл еңбек етуі тиіс. Қазір осы талапты орындауға міндетті 350 мыңға жуық азамат бар. Ал еңбек міндеттемесін сақтамай, жұмыс орнын растамағандардың саны 6 мыңнан асады. Егер тиісті талап орындалмаса, мемлекет оқуға жұмсалған қаражатты өндіріп алуы мүмкін. Сондықтан олар биыл қыркүйектен бастап жұмысқа орналасып, еңбек міндеттемесін өтеуі қажет.
«Ауылдық квота щеңберінде бітірген педагогтік мамандықтар үшін талап – ауылдық елдімекендегі білім мекемелерінде жұмыс істеу. Яғни бұл жерде міндетті өтеу мерзімдері 3 жыл және мөлшерлер болып табылады. Одан бөлек жалпы конкурс бойынша түскен мемлекеттік тапсырыстың педагогтік, медициналық мамандықтары үшін талап бар. Жалпы оқу бітіргеннен кейін ол азаматтарда білім, денсаулық сақтау мекемелерінде 3 жыл еңбекпен өтеуге міндеттелед», – деді Қаржы орталығы АҚ мониторинг департаментінің жетекші маманы Ақзира Серікқали.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары еңбек міндеттемесін орындамаған түлектерден мемлекет қазынасына 7 миллиард теңгеге жуық қаражат өндірілген.
«Өз еркімен қайтарылған сома бар және 1500 астам түлектен оқуға кеткен шығын сот арқылы өндірілген. Яғни 7 млрд жарымның ішінде осы мамандар бар», – деді Ақзира Серікқали.
Анар Құрманғалиева – тиісті грант міндеттемесін өтеп жүрген жандардың бірі. Оның айтуынша, бұл – түлектер үшін ең алдымен тәжірибе жинақтап, кәсіби бағытта дамуға берілген мүмкіндік. Жас маман бұл кезеңді өзінің еңбек жолын қалыптастыратын маңызды баспалдақ ретінде бағалайды.
«Конкурстық іріктеуден өткеннен кейін ЖОО-ға барып өтініш жаздық. Сол кезде алдын ала ескертілді және шарттарымен толық танысып, қол қойдық. Үлкен жауапкершілік, қорқатындай түгі жоқ. Себебі жас мамандарға мемлекет тарапынан кәсіби жолын бастауға дайын жұмыс орны ұсынылады. Кәсіби біліктілігін арттыратын сенімді алаң деп айта алар едім», – деді Қазақ ұлттық хореография академиясының баспасөз хатшысы Анар Құрманғалиева.
Айта кетейік, заңнамаға сәйкес грант міндеттемесін өтеуден босату қарастырылған. 2012-2026 жылдары осы негізде 107 мыңнан астам адам босатылған. Олар I және II-топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтындар, жұбайы тұратын елдімекенде жұмыс орны жоқ тұлғалар, жүкті әйелдер және үш жасқа дейінгі баласы барлар.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Атырауда Балық шаруашылығы саласында кадр тапшы