Ғылымға бөлінген 47 миллиард теңге қалай жұмсалды: Жоғары аудиторлық палата тексеріс қорытындысын жариялады

Жылы орнын жоғалтқандардың қатарында ғылым комитетінің төрағасы, ұлттық сараптама және ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы мен ғылым қорының жетекшісі бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ғылымға бюджеттен бөлінген 47 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Мұндай деректі Құрылтайда жоғары аудиторлық палата төрағасы айтты. Әлихан Смайылов салаға тексеріс жүргізіп, 51 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтаған. Ал мемлекетке келген шығын 16 миллиард теңге, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздің бас аудиторы Әлихан Смайылов ғылымға бөлінген ақшаның артынан шам ала түсіп, біраз былықтың бетін ашқан. Салаға мемлекеттен миллиардтар бөлініп жатса да, нәтиже мардымсыз. Оның айтуынша, соңғы үш жылда ғылымға бөлінетін қаражат 122 миллиардтан 262 миллиард теңгеге дейін өскен. Смайылов ғылымның мемлекетке тәуелді екенін, бизнес тарапынан ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге сұраныс жоғын, экономикаға қайтарымы төмендігін, мемлекеттік тапсырыстар орындалмағанын ашық айтты.

«Ғылыми-техникалық тапсырмалардың едәуір бөлігі расталған салалық сұраныссыз қалыптастырылады. 2023-2025 жылдары 393 ғылыми-техникалық тапсырмалардан соммасы 67 миллиард теңгені құрайтын 149 тапсырма іске асырылмады», – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов.

 Саладағы олқылық мұнымен бітпейді. Смайыловтың командасы ғылыми жобалар конкурстарының кеш жарияланғанын да анықтаған. Мәселен 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Салдарынан зерттеу жұмыстары уақытында басталмай, жобаларды жүзеге асыру мерзімі созылып кеткен. Бұған қоса, 16 миллиард теңге бөлінген 176 ғылыми жоба бойынша нақты нәтиже болмаған.

«Сараптама жүргізу де уақытылы іске аспай, артық жүктемемен жүргізілген. Материалдар ұлттық ғылыми кеңестерге 93 жұмыс күніне дейін кешіктіріліп берілген. Экономикалық сараптау бюджеттік фильтр құралына айналмаған. Ұлттық ғылыми кеңестер 545 жоба бойынша қаржыландыруды 12 миллиард теңгеге азайту жөніндегі ұсыныстарды ескермеген», – деді Әлихан Смайылов.

Салаға жүргізілген тексеріс нәтижесінде 51 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған. Оның 37,7 миллиарды аудит барысында қалпына келтірілген. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтару жоспарланып отыр. Тексерістен кейін бірқатар лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, кейбірі қызметінен босатылған.

«Екі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Төрт тұлға қызметінен босатылды. 32 тұлғаға әкімшілік жауапкершілік қаралды. Сонымен қатар біздің аудиттің қорытындысымен үш материалды құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберу туралы шешім қабылданып отыр», – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Нұрлан Нұржанов.

Жылы орнын жоғалтқандардың қатарында ғылым комитетінің төрағасы, ұлттық сараптама және ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы мен ғылым қорының жетекшісі бар. Мұндай ақпаратты министр Саясат Нұрбек айтты.

Ал Әлихан Смайылов ғылымды қаржыландырудан бастап, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге дейінгі процесті толық цифрландыру қажет екенін атап өтті. Аталаған мәселелер бойынша Үкіметке ұсынымдар беріліп, мемлекеттік органдарға тапсырмалар жүктелді. Олардың орындалуын Смайылов өзі бақылайтын болады. 

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Ойын алаңындағы төбелес: жасөспірімді соққыға жыққан тұрғын қоғамдық жұмысқа жегілді

 

 

 

 

 

 

 

 

 

¤