Қазақстанның агросекторына ЖИ мен цифрлық платформалар енгізілуде

12.05.2026 10:56

Сонымен қатар тұқым сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде

Depositphotos.com

Аграршыларды заманауи техникамен және жеңілдікті отынмен қамтамасыз ету егіс науқанын оңтайлы агромерзімде өткізуге мүмкіндік береді. Үкімет отырысында материалдық-техникалық базаны мемлекеттік қолдау шаралары туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, — деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның мәліметінше, бүгінгі таңда техника жұмысқа толықтай дайын: қолда бар 133,9 мың трактор, 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені және 71,4 мың дәнсепкіш бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша парктерді жаңарту деңгейі 6,5%-ға жетті, биылғы жоспар – 8%. Бұл ретте техниканың тозу деңгейі 10%-ға төмендеді. Отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бір жылда 22%-ға артты, биыл 9,9 мың бірлік техника шығару жоспарлануда.

«Мемлекеттік қолдау шаралары отандық өндірушілерге бағытталған: жергілікті техниканы сатып алу кезінде өтемақы үлесі 30%-ды құраса, импорттық техникаға – 15-тен 25%-ға дейін. Паркті жаңарту егіс сапасы мен біркелкілігін арттырады. Сонымен қатар науқанды жүргізу үшін 402 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді, оның 204,7 мың тоннасы жөнелтілді», — деп атап өтті вице-министр.

Цифрлық технологияларды пайдалану және тұқым сапасын бақылауды күшейту өсімдік шаруашылығының тиімділігін арттырудың негізгі факторларына айналады. Үкімет отырысында саланың цифрландырылуы мен агротехнологиялық іс-шаралардың қамтамасыз етілуі туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады.

Оның айтуынша, ЖИ (Жасанды интеллект) және цифрлық даму министрлігі егіс барысы туралы мәліметтер жинайтын платформа әзірледі, ол қазір пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Болашақта жүйеге өндірісті талдау және болжау үшін жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Сонымен қатар тұқым сапасын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде: жалпы қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрайды, олар стандарттың 1-ші және 2-ші кластарына сәйкес келеді. Сондай-ақ тыңайтқыштардың ішкі бағалары бекітілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сәуір айынан бастап элеваторлар салуды және жаңғыртуды жеңілдікпен қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталды. Біз осы тапсырманы іске асыру бойынша Жол картасын әзірледік, онда қаржыландырудың негізгі критерийлері мен астық сақтау объектілерін салу және жаңғырту бойынша индикаторлар қарастырылған. Қаржыландыру толық қамтамасыз етілген жағдайда, элеватор қуаттылығын 1 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарлануда», — деді Вице-министр Азат Сұлтанов.

Оқи отырыңыз: Жаңа аграрлық бағыт: Қазақстан майлы және жемшөптік дақылдар егісін кеңейтуде