Іле-Алатауы ұлттық паркі: туристік бағыттар цифрландырылып, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі
Алматыда Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы 46 туристік маршрут кезең-кезеңімен абаттандырылып жатыр. Енді бағыттарды цифрландыру да көзделіп отыр. Туристер алдағы уақытта арнайы QR-код арқылы жүретін жолын таңдап, межелі жерге қанша уақытта жететінін біле алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алайда тау туризмін дамыту үшін табиғи ерекшеліктер зерттеліп, жер бедері мен қауіпсіздік талаптары ескерілуі шарт. Сонда ғана табиғатқа залал келтірмей, саяхатшыға қолайлы жағдай жасауға болады. Алматыны алқалай қоршаған асқар таулар мен шатқалдар – қала туризмінің басты байлығы. Соқпақтың жай-күйі, биіктік айырмасы, жер бедері мен ауа райының құбылуы –туристің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды факторлар.
Сондықтан маршрут құруда картографиялық деректерге айрықша мән беріледі. Мамандар аумақтың табиғи ерекшеліктерін зерттеп, жүруге қолайлы бағыттарды айқындайды. Қазір де жоспарланып жатқан жаңа жолдарда табиғаттың тепе-теңдігін сақтау басты басымдық екенін айтып отыр.
«Маршруттар мен соқпақтарды жобалау алдында маршруттық аумақтарға зерттеу жүргізіледі, қажетті инфрақұрылым, қауіпсіздік шаралары, рекрияциялық жүктеме есептеледі. Маршруттарды орналыстыру Ұлттық парк әкімшілігімен келіседі және әрбір туристік маршрут және соқпақтарда тиісті паспорттар рәсімделеді. Үшіншіден, әрине Ұлттық парк ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғандықтан мақсат – флора мен фаунаны қорғау. Маршруттарды ұйымдастырудағы ең басты талабы. Ал енді әрбір маршруттың қауіпсіз болуы үшін біз қазір қолға алып жатырмыз, ол болашақта цифрландыру жүйесі іске асатын болады», – деді Іле-Алатауы мемлекет ұлттық табиғи паркі бас директорының Орынбасары Хамит Ахметов.
Оқи отырыңыз: Қазақстан ғылымы: жас зерттеушілерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр