«Іле-Балқаш» резерватында Амур атты екінші жолбарыс табиғи ортаға жіберілді

02.11.2026 14:48

Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті

qazaqormany

2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тағы бір тарихи оқиға орын алды. Амур есімді аталық жолбарыс табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Ол - Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанның жабайы табиғатында 70 жылдан астам уақыт бойы жолбарыстар кездеспеген. Енді табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытында жүргізілген көпжылдық жұмыстың нәтижесінде бұл жыртқыштар өздерінің тарихи мекеніне біртіндеп қайта оралуда.

«Бүгін біз жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Биыл 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Ал бүгін біз екінші жолбарысты – Амур есімді аталықты табиғи ортаға шығардық", - деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.

Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін, сондай-ақ адамға қатысты мінез-құлқын бағалады.  Сынақ нәтижелері Амурдың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Алдағы уақытта оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.

Оқи отырыңыз: Алматының Кімасар шатқалында Шренк шыршасы отырғызылды

Толық көрсету