Алыстағы ағайыннан хабар алу үшін жұрт қыр асып кетуге мәжбүр
Түркістан облысының Төлеби ауданындағы бүтін бір ауыл жылдар бойы интернетсіз өмір сүріп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шахта-Тоғыс ауылы Ленгір қаласынан бес шақырым жерде орналасқан. Соған қарамастан мұнда интернет-байланыс деген атымен жоқ. Алыстағы ағайыннан хабар алу үшін жұрт қыр асып кетуге мәжбүр.
«Интернет жоқ. Телефон ұстамайды. Жедел жәрдем қызметіне хабарласу қиын. Олар да біліп алған. «Ағай, күте тұрыңызшы» деп асықпайды», – деді ауыл тұрғыны Долан Сартаев
«Мен осы мәселемен әуре болып жүргеніме екі жыл болды. Жиналыстарда айтамын. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ», – деді ауыл тұрғыны Сейітхан Жақсыбаев.
Ауылда бірнеше үй мен мекемеге кабель тартылғанымен, интернет сапасы көңіл көншітпейді. Мамандар мұның себебін елдімекен маңындағы түзету мекемесінің сигналды өшіретін құрылғысымен байланыстырады.
«Түрмедегі сигналды өшіретін құрылғы 50 метрден аспайтын жағдайда, интернетпен қамтамасыз етуге келісеміз. Себебі осы қашықтықтан ассып кетсе, антеннаның пайдасы болмайды», – деді Радиопландау бөлімінің маманы Қуат Рахымбаев
Жергілікті әкімдік мәселені біледі. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия қайта өлшеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар сигнал сапасын тексеріп, шешім іздеуде.
«Мобильді интернет желісін орнату үшін цифрландыру басқармасы тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Алайда Шахта-Тоғыс ауылында №55 түзету мекемесі бар болғандықтан, мекемеге Қылмыстық атқару департаменті орнатылған интерференциялық кедергілер келтіретін құрылғылардың жұмыс істеуі салдарынан ұялы байланыс станцияларының базасын орнату мүмкін болмай отыр», – деді облыстық цифрландыру басқармасының бас маманы Еркебұлан Ходжанов.
Мәселені шешу үшін аудан әкімдігі антенна діңгегінің құрылысын жүргізіп жатыр. Оған арнайы жер телімі де бөлініпті. Сондықтан интернетті тұрғындар әлі де күтуіне тура келетін сыңайлы.
Оқи отырыңыз: Ипотекалық бағдарламаның талаптары өзгерді