Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес күшейтілді - ІІМ

Биыл қылмыс әлеміне қатысы бар 160-тан астам адам жауапкершілікке тартылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл басынан бері елімізде ұйымдасқан топтарға қатысты 38 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, заңсыз құрылымдардың жолын кесу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.

Мәселен, биыл қылмыс әлеміне қатысы бар 160-тан астам адам жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарына қысым көрсетуге байланысты 270-тен астам бопсалау дерегі анықталып, өңірлерде аса ауыр құқықбұзушылықтарға қатысы бар 30-дан астам топтың әрекеті тоқтатылды.

«Трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. ІІМ бастамасымен “заңдағы ұры” деп аталатын санатқа жататын, сондай-ақ шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстан Республикасына кіруіне тыйым салынды. “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” заңды іске асыру аясында 80-нен астам қылмыс анықталды», – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуаныш Алпыс.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция әділетті қоғам мен әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға бағытталған - сарапшылар