IT-саласында жастарға қандай қолдау көрсетілуде

Almaty.tv
Almaty.tv

Мемлекет басшысы Жолдауында жасанды интеллектіні еліміздің стратегиялық дамуының басты құралы деп атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгінде болашағын IT-саласымен байланыстырған жастар көп. Оларға көрсетілетін қолдау да, өңірлік хабтар ұсынатын мүмкіндіктер де жетеді. Соның нәтижесінде, тәуелсіз елдің тарландары халықаралық нарыққа шығып, елдегі технологиялық кәсіпкерлікті ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілішсі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында жасанды интеллектіні еліміздің стратегиялық дамуының басты құралы деп атап, бұл бағытта жемісті еңбек етуді тапсырған Мейрамбек Ахметов – Алматыдағы IT-компанияларының бірінің директоры. 25 жастағы жігіт бұл салаға бала күнінен қызыққанын айтады. Алматыға арман қуып келіп, жоғары оқу орнын осы мамандық бойынша тәмамдапты. Қазір командасымен көпшілікке пайдасын тигізер мобильді қосымшалар әзірлеп, халықаралық нарыққа шығып жүр.

«Қосымша жасағанда қазақ тілін дамыту және адамдар бос уақытын пайдалы, яғни инстаграм, тиктокта отырмай, білім алып, үйреніп, бір-бірімен сайысып, балл жинауға ыңғайлы болсын дедік. ТМД елдерінен жазушылар ойынды ойнайды», – деді IT-компания директоры Мейрамбек Ахметов.

Бүгінде студент жастар үшін де жобаларын іске асыруға мол мүмкіндік бар. Мәселен, Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде денсаулық сақтау саласындағы стартаптар инкубаторы жұмыс істейді. Онда жас бастамашылар  идеясын кәсіпкерлер, инвесторлар мен ірі фармацевтикалық компаниялардың өкілдеріне таныстырады. Үздік деп танылған жобалар қаржыландыруға ие болады.

«Біз студенттер, Айти-мамандарын жобаға қатысуға шақырамыз. Негізі ұсынылып отырған жобалардың қатарында ми жұмысы, көздің көруі, сөйлеуінде ақауы бар азаматтарға көмектесу сияқты түрлі бағыттағы ғылыми жұмыстар бар», – деді С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ғылыми-техникалық паркінің директоры Әнел Ибраева.

Қазіргі алмағайып кезеңде әлем жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Сондықтан да Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметтің алдына «Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде цифрлық ел болуы керек» деген маңызды стратегиялық мақсат қойды. Сондай-ақ экономиканың барлық саласына жасанды жадыны енгізуді міндеттеген еді. Арнайы министрлік те жасақталып, жұмысын бірден бастап кетті.

«Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуы тиіс. Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар адамзат тіршілігінің барлық саласына тың серпін беріп,  даму көкжиегін кеңейтіп отыр. Атап айтқанда, экономикадан бастап, денсаулық сақтау, көлік, қаржы және білім беру секілді салаларда адам өмірін жеңілдетіп келеді. Ал бұл бағытта қызмет ететін жастарға қолдау да, мүмкіндік пен көмек те көп.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда білім беру нысандары қолданысқа беруге дайын

Новости партнеров