Желге ұшқан қаржы: Түркістан облысында биыл берілген үйлердің сапасы сын көтермейді

Әкімдік өкілдері тұрғындардың шағымын жоққа шығарып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында мемлекет берген үйлер жыл толмай көгеріп, қабырғалары сыр беріп жатыр. Себебі баспаналарда жылу жоқ. Ал электр пештері пәтерді мүлдем жылытпайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаз қатар тізілген үйлер жыл басында ғана әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілген. Алайда қазір баспаналардың қабырғасы көгеріп, сыз тартқан. Оған қоса, жылу жүйесі жоқ, электр жарығы да жиі өшеді. Салдарынан тоңған халық ауруханаға жүгіне бастаған.

«Тоқ пешті қосқанда тоңазытқышты өшіремін. Бәрін бірге қоссақ, автомат істемейді. Сол үшін біреуін өшірсек, біреуін қосамыз. Сөйтіп күн көріп жатырмыз», – деді Арыс қаласының тұрғыны Гүлдана Қожабекова.

Тұрғындардың айтуынша, бастапқы келісімшарт бойынша үйлерге жылу жүйесі орнатылуы керек болған. Алайда оның орнына электр пештері қойылып кеткен. Енді азаматтар өз үйін жылыту үшін газ тартуды талап етіп отыр.

«Біз үйге кіргізу үшін ақшасын төлейміз. Бірақ пешті сатып әперсін. Бұл жерде барлығы мүгедектер, аз қамтылған отбасылар тұрып жатқан. Халықтың жағдайы жоқ», – деді Арыс қаласының тұрғыны Ләйлә Сейдіәзімова.

Ал әкімдік өкілдері тұрғындардың шағымын жоққа шығарып отыр. Атқамінерлердің сөзіне сенсек, бұл үйлер әу бастан-ақ электр пештерімен жылытылады деп жобаланған. Ендігіде жергілікті билік газ тарту жұмыстарын қолға алыпты.

«Осы халықтың шағымынан кейін біз инвесторды шақырып, инвестордың есебінен орталық магистралды газ тарту жұмыстарын бастап жатырмыз. газдандыру негізі жылдың соңына дейін деп жоспарлап отыр», – деді Арыс қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Абай Қамбаров.

 Үй ішіндегі кемшіліктерді де мердігер мекеме жөндейтін болды. Себебі олар 7 жылға кепілдік берген. Егер жауапты компания міндетін орындамаса, әкімдік оларды сотқа бермек.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: IT-саласында жастарға қандай қолдау көрсетілуде

Новости партнеров