Итті тірідей өртеп, өлтіргендер сотталды

28.10.2024 16:50

Сотталушының бірі - иттің үстіне жанар-жағармай құйып өртеген, ал екіншісі - итті темірмен бірнеше рет ұрған

elements.envato.com

Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жануар өліміне алып келген қатыгездікпен қарау болып саналатын қылмыстық құқықбұзушылық жасаған екі айыпталушыға (олардың біреуі кәмелет жасына толмаған) қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл жазда сотталушылар өзара алдын ала келісіп, көшеден итті ұстап алып, оны бағанаға байлап қойған. Сотталушының бірі - иттің үстіне жанар-жағармай құйып өртеген, ал екіншісі - итті темірмен бірнеше рет ұрған. Салдарынан жануар өліп қалған.

Сотталушылардың кінәлары куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.

Прокурор сотталушыларға жарты жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәларын толық мойындап, әрекеттеріне өкініп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Қылмыстық кодекстің 316-бабының 3-бөлігінің 2-тармағының санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Істі қарау барысында сотпен сотталушыларға қатысты тағылған айыптан "жария түрде немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасауы" - саралау белгісі дәлелденбеуіне байланысты алынып тасталды.

Сотталушылар ҚК-тің 316-бабының 3-бөлігінің 2- тармағымен кінәлі деп танылды.
Сотталушылардың жазасын жеңілдететін мән-жайлар - шын жүректен өкінуі, жастығы және бұрын сотты болмағандары, сондай-ақ жазасын ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы ескеріле отырып, оларға 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Алматыда тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылды