Жұмыспен қамту бағдарламасында бекітілген көрсеткіштер қағаз жүзінде қалып кетті - Асхат Аймағамбетов

14.10.2024 18:40

Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де есеп берді

Азаматтарды жұмыспен қамтуда «тізесі шыққан» шараларды қолданып келеміз. Үкімет қолға алған бастаманың біреуі де тиісті нәтиже бермей отыр. Осылай деп дабыл қаққан мәжілісмен Асхат Аймағамбетов еңбек нарығындағы теңсіздік пен мамандар тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Депутаттың дерегінше, елде 2008 жылдан бастап жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданған. Халық қалаулысының айтуынша, шаралардың тиімділігі жоқ.

"Мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс орындарын ашу тиімділігі де өте төмен. Статистика бойынша көптеген бағдарламаларда бекітілген көрсеткіштер қағаз жүзінде қалып кетті. Шымкент қаласында жобаға 500 млн теңге берілген. Жоспар бойынша 350 жұмыс орны ашылуы тиіс болған. Бірақ бір жылда 2і адам жұмысқа алынған", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Үкімет сағатында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де есеп берді. Светлана Жақыпованың сөзінше, жұмысқа орналастырылған әр төртінші адамның міндетті зейнетақы жарнасы жоқ. Төлем қоры бойынша деректердің алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалған. Министрдің айтуынша, бұл – кадрлық әлеуетті нығайтудағы басты кедергі.

"Екінші сын-қатер – формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі. 2023 жылы нақты зейнетақы аударымдарының деректері бойынша есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросының бағалауы бойынша еңбекақы төлеу қоры 2 есеге жуық – 38 трлн теңге. Еңбекақы қоры бойынша деректердің едәуір алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Оқи отырыңыз: 2025 – жұмысшы мамандықтар жылы: Үкімет дайындыққа кірісті