Израильдің Қатар еліне жасаған соққысынан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ - СІМ

10.09.2025 15:08

Қатарда 1500 отандасымыз бар

Израильдің Қатар еліне жасаған соққысынан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, Қатарда 1500 отандасымыз бар. Олардың 516-сы консулдық есепте тұр. Әлібек Бақаев Қазақстанның сол мемлекеттегі елшілігі біздің азаматтармен үнемі байланыста екенін жеткізді.

Еске салайын, кеше Израиль Қатар астанасы Доха қаласына бірнеше әуе соққысын жасаған еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль билігі жасаған әскери акцияны айыптады. Ол қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайтынын атап өтті. Өйткені, бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді.

«Қазақстандықтар арасында құрбан болғандар жоқ. Ешкім хабарласқан жоқ. Бірақ біздің елшілігіміз азаматтармен белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.

Оқи отырыңыз: Аутист балаларды өлтіру керек: әлеуметтік желіде пікір жазған әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды