Аймақта 80 үй апатты деп танылған
Атыраулық тұрғындар қабырғалары қақырап, төбесінен су сорғалаған ескі үйде өмір сүруге мәжбүр. Жарты ғасыр бұрын салынған көпқабатты үйдің кірпіштері үгітіліп, шетінен құлап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қабырғасы жарылып, төбесі үстімізге құлағалы тұр». Стаханов көшесінің тұрғындары өз баспаналарын осылай сипаттайды. Расында, іргетасы өткен ғасырда қаланған екі қабатты баспананың әбден тозығы жеткен. Юлия Лысак адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Кейіпкеріміз қауіпті болған соң пәтерінде тұра алмаған. Сондықтан жүгін түйіп, бала-шағасымен туыстарының үйін паналауға мәжбүр.
«Әкімдікке бардым. Уәде берген. Ол тағы да жауапсыз қалды. Күтіп әбден шаршадық. Құр сөзге сенбейміз. Мына баспанада тұру мүмкін емес. Екі балам сыз тартқан үйден ауру тапты. Жаңа пәтер берсін. Апатты деп танылған үй ғой. Үш жылдан бері инвестор тауып береміз деген, әлі жоқ. Айналамыздағы үйлерді көшірді, тек біз қалдық», – деді қала тұрғыны Юлия Лысак.
Жетпіс жыл бұрын салынған үй қайта жөндеуге келмейді. Себебі, қабырғаларына ылғал әбден сіңіп, іргетасы шөгіп кеткен. Тұрғындардың айтуынга, көктің иісінен шетінен ауруға шалдыққан. Әсіресе балалардың іші өтіп, өкпесі асқынған.
«Біз бірнеше рет әкімнің алдына бардық. Уәдесін берді.Төбесінен су ағады. Жертөледе құбыр жарылып жатыр. Оны ақша жинап, тазартып, жинап отырмыз. Сапалы тұрғын үй берілуін талап етеміз», – деді қала тұрғыны Нұргүл Түсіпова.
Бұқара базынасын тыңдаған жауаптылар тұрғындарға беретін дайын үй жоқ деп отыр. Қазір жол картасын әзірлеп, үйді сүру жағын қарастырмақ. Шенеуніктер алдағы 5 жылда апаты үйлерді толық сүреді.
«Апаттық үй деп танылған. Алдағы жол картасына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Сүру мәселесі шешіледі. Қазір дайын үй жоқ. Қазір 3,5 млрд теңге бөлінді», – деді қалалық ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлжамал Жолдасова.
Табан тоздырып, талай есік қаққан халықтың ендігі үміті облыс әкімінде. Ал жалпы аймақта 80 үй апатты деп танылған.
Жұлдыз Қайратқызы
Оқи отырыңыз: Арнайы операция: есірткі саудасына қатысы бар күдікті ұсталды