Тұрғындар үйді салған компанияға наразылық білдірді
Астанада көпқабатты тұрғын үйдің жылу оқшаулағыш қабаты опырылып түсті. «Үй ескіріп, қабырғалары тозды деуге келмейді. Пайдалануға берілгеніне 10 жылдан енді асқан». Жауаптылардың айтуынша, қатты жел әсер етті десе, тұрғындар нысан әу бастан сапасыз салынғанын айтты,
Жеңіс көшесінде орналасқан 9 қабатты тұрғын үйдің бір қабырғасының қаптамасы құлаған. Үйді жылытуға арналған пеноплекс материалы болған. Сондықтан ешкім зардап шеккен жоқ.
«Үйіміздің 9-қабатынан бастап қабырғасы опырылып түсті. Сапасы өте нашар, осы күнге дейін қалай құламай тұрғанына таңғалдым. Себебі, сапасыз пластикалық бекіткіштермен бекітілген», – деді қала тұрғыны Светлана Улановская.
«Бұл үйде мәселе шаш етектен. Үйдің артқы бөлігінде де жарықтар бар, тіпті кезінде тесіктерден дала көрінетін. Бұл мәселені 6 жыл бұрын көтерген болатынбыз. Сол кезде қаражат та жиналды. Алайда нақты ешқандай шаралар қабылданған жоқ. Қазір үйіміз екіге бөлініп кете ме деп қатты алаңдап отырмыз», – деді қала тұрғыны Ботагөз Есжанова.
Тұрғындар үйді салған компанияға наразылық білдірді. Олардың айтуынша, құрылыс сапасыз жүргізілген. Себебі көршілес орналасқан екі баспанада да дәл осындай жағдай болып, қабырғалары құлаған. Тұрғын үйді басқарушы компания өкілдері де мәселе барын жасырмады.
«Бұл құрылыс салушы компанияның кінәсі сияқты. Меніңше, бәрі құрылыс сапасына байланысты. «Айка» тұрғын үй кешенінде қабырғалар әр жерде құлап жатыр. Біз тіпті оларға сотқа дейінгі талап-арыз да жолдадық. Бірақ олар мүлде ештеңе жасағысы келмейді. Кепілдік мерзімі өтіп кеткенін айтып отыр», – деді тұрғын үйді басқарушы компанияның төрағасы Алма Халықова.
Бұл жағдайдан кейін тұрғындар қала әкімдігінен көмек сұрағанын айтты. Алайда, жауаптылар мәселе тұрғын үй кешенін басқарушы компанияның құзыретіне кіретінін жеткізген. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір олар жөндеу жұмыстарының құнын есептеп жатыр. Сондай-ақ қасбетті қалпына келтіру үшін өнеркәсіптік альпинистерді тарту мәселесі де қарастырылуда.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Қабырғасы жарылып, төбесі үстімізге құлағалы тұр: атыраулықтар ескі үйде өмір сүруге мәжбүр