Қайтарылған активтер: Абай облысында 26 жоба іске асып жатыр

Соның бірі – Семейдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңа корпусы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекетке қайтарылған активтер Абай облысының дамуына дем беріп жатыр. Өңірде жалпы құны 50 миллиард теңгеден асатын 26 жоба іске асып жатыр. Соның бірі – Семейдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңа корпусы. Жоба психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға арналған орын тапшылығын азайтып, қызмет сапасын жақсартуға жол ашады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі. 

Жаңа ғимараттың құрылысына 2,6 миллиард теңге жұмсалған. Үш қабатты нысанда жатып ем қабылдайтын 100 орын қарастырылған. Қазір мұнда 50 ер адам мен 50 әйел тұрып жатыр. Жалпы орталықта 400 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алады.

«Бір адамға жатын бөлмесі бес аршы метрден болуы керек. Бұрынғы ек ескі ғимаратта әр адамға. 3,8 шаршы метр болған. Лицензия кезінде жатын бөлмесі стандартқа сай болмағандықтан, қосымша ғимарат салынды», – деді Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ләззат Майшекина.

Мекемеде әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және еңбекке бейімдеу қызметтері көрсетіледі. Емделушілер 5 мезгіл ыстық тамақ ішіп, оңалту, ем-дом, мәдени іс-шаралар мен еңбек терапиясын алады. Облыс бойынша бүгінде 841 орынға арналған 5 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 652 әлеуметтік қызметкер еңбек етеді.

«Абай облысында мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын 26 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылуда. Семей қаласында құны 2,6 млрд теңге болатын Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жаңа корпусы салынды. Бұл психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арналған орын тапшылығын жойып, арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуға кезекте тұрғандар санын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді», – деді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Еркебұлан Қожанбаев.

Қайтарылған активтер есебінен өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасады. Алдағы жылдары Семей мен Аягөз қаласында әрқайсысы 150 орындық балаларға арналған 2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы салынады. Әр жобаның құны шамамен 11 миллиард теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар әлеуметтік қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Динара Ерболқызы, Семей облысынан

Оқи отырыңыз: Алатау ауданы Алматыдағы өнеркәсіп өндірісінің 44%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр