Қайтарылған активтер: Арқалықта университеттің оқу корпусы реконструкцияланды

Almaty.tv
Almaty.tv

Облыстық прокуратура мәліметінше, жобаның құны 1,9 млрд теңге

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанай облысы Арқалық қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің заманауи оқу корпусына қайта бейімделген ғимаратты реконструкциялау жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Облыстық прокуратура мәліметінше, жобаның құны 1,9 млрд теңге. Жоба прокуратура органдарының заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысы аясында мемлекетке қайтарылған активтерден қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

"Бұған дейін ғимарат ұзақ уақыт бойы өз мақсатына пайдаланылмаған. Реконструкциядан кейін мұнда 2,5 мыңға жуық студенттің білім алуына және оқытушылардың жұмыс істеуіне заманауи жағдай жасалды. Осылайша, мемлекетке қайтарылған активтер нақты әлеуметтік мақсаттарға бағытталып, білім беруді дамытуға, жастарға заманауи жағдай жасауға және түптеп келгенде, халықтың игілігіне қызмет етіп жатыр", - делінген хабарламада.

Арқалық қаласының прокуратурасы жобаның іске асырылуының заңдылығына қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ бөлінген мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын бақылауда ұстайды.

Оқи отырыңыз: Активтерді қайтару нәтижесі: Жетісу облысында білім беру инфрақұрылымы дамып келеді