Іс-шара барысында мукополисахаридозы бар пациенттерге қажет инфузиялық насос сатып алу үшін қайырымдылық қаражатын жинау мүмкіндігі де қарастырылды
Алматыда биыл алғаш рет сирек кездесетін ауруы бар жандарды қолдауға арналған қайырымдылық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жүгіру жарысы сирек диагнозбен өмір сүріп жатқан балалар мен ересектерге қолдау көрсету, олардың мәселесіне көпшіліктің назарын аударту мақсатында ұйымдастырылды. Оған емделушілер мен олардың отбасылары, дәрігерлер, еріктілер, студенттер, қоғамдық ұйым өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар тек қайырымдылық акциясы емес, сирек ауруы бар жандарды қоғамнан оқшауламай, керісінше ортақ қолдау мен түсіністік қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Бағдарлама аясында қатысушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, флешмоб ұйымдастырылды. Сонымен қатар естелік медальдар мен алғыс хат табысталып, волонтерлер мен медицина мамандарының еңбегі атап өтілді.
«Президент бастамасымен жарияланған «Волонтерлер жылы» аясында қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыруды қолға алдық. Аталған жиынға 120-дан астам адам қатысады деп отырмыз. Жиналған қаражат толықтай қайырымдылыққа, яғни пациенттерге қажетті құрылғыны сатып алуға жұмсалады», – деді қайырымдылық қордың бас директоры Самат Рамазанов.
Іс-шара барысында мукополисахаридозы бар пациенттерге қажет инфузиялық насос сатып алу үшін қайырымдылық қаражатын жинау мүмкіндігі де қарастырылды. Бұл құрылғы науқастарға өмірлік маңызы бар терапияны уақытылы әрі үздіксіз қабылдауға көмектеседі. Мамандардың сөзінше, сирек кездесетін аурулар туралы ақпараттың аз болуы диагноз қою, ем алу және қоғамға бейімделу процесін қиындатады. Сондықтан мұндай бастамалардың маңызы зор. Олар пациенттердің мәселесін ашық айтуға, ата-аналардың үнін жеткізуге және қоғамда жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға жол ашады¤
«Жүгірудегі мақсат – бірінші орын алу емес. Ауырып жүрген балалар да қатысады. Солардың күш-жігерін көтеріп, оларға сыйлық беріп, қолдау үшін келіп отырмыз», – деді ерікті Сәбит Әділбеков.
Оқи отырыңыз: Жұлдызды сәт: Алматыда жас таланттар өнер көрсетті