Қостанайлық тұрғынға анасы өз бүйрегін беріп, екінші рет өмір сыйлады
Астананың Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығында ерекше ота жасалды. Қостанайлық тұрғынға анасы өз бүйрегін беріп, екінші рет өмір сыйлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алайда мұның өзі оңайға соқпаған. Дәрігерлердің сөзінше, қызы мен анасының қан топтары сәйкес келмей, бірнеше жыл бойы тексеру мен дайындықтан өтіп, сәтті ұзақ күткен. Бүгінде трансплантация сәтті өтіп, екеуі де оңалту кезеңінен өтіп жатыр.
Зоя Мироненкода бүйрек мәселесі жасөспірім кезінен басталған. Алайда дәрігерлердің «бәрі жақсы» деген сөзінен кейін мән бермеген көрінеді. Өсе келе дерт асқынып, бүйрегінің кеуіп кеткені белгілі болған. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығына жүгініп, анасы қызына бір бүйрегін беруді шешкен. Бүгінде қос жан отадан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Тоғыз жыл диализге барып, өмірін аппаратқа байлаған Зоя енді болашағына жаңаша көзқараспен қарайды.
«Үш жыл дайындалдық. Үнемі тексеруден өттік. Рудныйда да, осында да дәрігерлер бізбен бірге жүрді, қасымызда болды. Бізді аман алып қалып, қолынан келгендерін жасады. Сол үшін дәрігерлерге өте ризамын!» - деді донор Надежда Бережко.
«Қазір біраз қалпыма келіп қалдым. Енді өмірді жаңаша сүремін. Мүмкін, тұрмысқа шығармын. Балалар үйінен бала асырап алуым да мүмкін. Шын қаласаң, армандар орындалады. Мен тоғыз жыл бойы армандадым, міне, нәтижесі. Жаңа өмір басталып жатыр»,– деді Зоя Мироненко
Дәрігерлердің сөзінше, анасы мен қызының қан тобы сәйкес келмеген. Сондықтан, ақ халаттылар арнайы терапия жүргізіп, ағзадағы антиденелер деңгейін төмендетіпті.
«Егер қан тобы сәйкес келетін донор табылмаса, қан тобы сәйкес келмейтін донордан да бүйрек трансплантациялауға болады. Бірақ бұл үшін науқасты алдын ала арнайы ем арқылы дайындау қажет. Дәрігерлер ағзадағы антиденелердің деңгейін анықтайды. Егер ол жоғары болса, операция жасауға болмайды. Ал көрсеткіш төмен болған жағдайда, науқасты трансплантацияға дайындауға мүмкіндік бар. Бұл расында ұзақ әрі күрделі дайындық болды, бірақ отбасы берілмеді», – деді Ұлттық ғылыми онкология орталығының хирург-трансплантологі Сайткарим Абдугафаров.
Елімізде қан тобы сәйкес келмейтін донорлардан бүйрек алмастыру отасы алғаш рет 2023 жылы Ұлттық ғылыми онкология орталығында жасалды. Содан бері 10 бүйрек трансплантациясы жасалыпты. Мамандар жыл соңына дейін дәл осындай бірнеше ота жасауды жоспарлап отыр.
Диана Тұрлыбек, Елисея Томашевская
Оқи отырыңыз: Мерейлі отбасы - 2026: Сыр өңірінде жеңімпаздар анықталды