Желтоқсан айының зейнетақы төлемдері толық көлемде жүргізілді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаңтар айының зейнетақысы желтоқсанда мерзімінен бұрын төленетіні туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ведомство мәліметінше, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде 2026 жылғы қаңтар айының зейнетақы төлемдері 2025 жылғы 30 желтоқсанға дейінгі кезеңде, өсімді ескере отырып, мерзімінен бұрын аударылатыны туралы ақпарат тараған.
«Таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу бекітілген кестеге сәйкес жүргізілетінін хабарлаймыз. Индексацияны ескере отырып, қаңтар айының зейнетақы төлемдері алушыларға 2026 жылдың қаңтар айында аударылады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ желтоқсан айының зейнетақы төлемдері толық көлемде жүргізілді.
«Азаматтардан жеке деректердің таралып кетуін болдырмас үшін осыған ұқсас хабарламалармен бірге келетін күмәнді сілтемелерге өтпеуді сұраймыз», - деп атап өтті министрлік өкілдері.
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар арқылы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстары арқылы таратылады.
«Азаматтардан тек ресми көздердегі ақпаратқа сенуді сұраймыз. Жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын естеріңізге саламыз», - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды