Қарағанды облысында 600-ден аса лифтінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен

Аймақта істен шыққан 150-ден аса жеделсаты бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысында 600-ден аса лифтінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Тек облыс орталығының өзінде жүздеген үй тозығы жеткен жеделсатыларды пайдалануға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеншілер шаһарындағы тұрғын үйдегі жеделсатысының қаңтарылып тұрғанына талай жылдың жүзі болған. Лифтісі істен шыққан үй тұрғындары үшін бұл қиынның –қиыны. Соның салдарынан қарт адамдар мен мүгедектігі бар жандар далаға шыға алмай сарсаңға түседі.

«Жасым 74-ке аяқ басты. Баспалдақпен көтерілу азап. Сегізінші қабатта кішкентай балалары бар адамдар тұрады. Оларды күн сайын арқалап жүргенін көремін. Жеделсатыны ауыстыруға өтініш жазғанбыз. Осы жылы жаңартамыз деп еді, әлі жоқ», – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Алексей  Коровиков.

Бүгінде жарамдылық мерзімінен 2-3 есе асыра пайдаланылған лифтінің көбі тоқтап тұр. Жаңа лифтіні тұрғындар өз қаражатына немесе тұрғын үйді жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы орната алады. Бағдарламада лифтінің құнын 8 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Айталық  тоғыз қабатты үйде жеделсаты осы жүйе арқылы жаңартылған.

 «Өткен жылы лифтіні ауыстырып берді. Енді жоғары қабаттарға қиналмай көтерілеміз. Ескі лифт сықырлап, тербеліп тұратын. Тіпті ішінде қалып та қойған сәттеріміз болды», – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Любовь Чеканова.  

Жалпы аймақта істен шыққан 150-ден аса лифт бар. Бұған қоса жұмыс істеп тұрса да, жарамдылық мерзімі баяғыда өтіп кеткен 400-ден астам лифтіні жаңарту қажет. Былтыр көпқабатты үйлерде 51 лифт ауыстырылған. Ал биыл Қарағанды мен Теміртауда тек 25 жеделсаты ғана жаңармақ.

«Қазір қаржыландыру тоқтатылған. Республикалық бюджетке өтінім бердік. Бұған қоса жеке компаниялар арқылы инвестиция тарту мәселесін де қарастырып  жатырмыз. Облыстық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжат та дайын. Яғни барлық қаржыландыру көзін реттестіріп, жаңғырту жұмысын жеделдетуге ниеттіміз», – деді Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаев.

Жауаптылардың айтуынша, ескі лифтілерге қажетті қосалқы бөлшектер еш жерде шығарылмайды. Сондықтан жаппай жаңартудан басқа амал жоқ. Ал жаңа жеделсатылар биылдан бастап Алматы мен Астанадағы отандық өндірушілерден сатып алынуы қажет.

Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Жылыту маусымы басталғалы бері 2 мыңнан астам өрт дерегі тіркелген

Новости партнеров