Қарағандыдағы ЖЭО-да энергия блогының құрылысы қалай жүріп жатыр

Қазір елде 37 станса жұмыс істеп тұр 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елдегі жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 61 пайызға жетті. Мамандар өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3 процентке азайғанын айтады. Қазір елде 37 станса жұмыс істеп тұр, олардың 10-ы қызыл аймақта, яғни, техникалық жағдайы аса қауіпті, жөндеуді қажет ететін орындар. Ал 17-сі сары аймақта. Былтыр 3 станса сарыдан жасыл аймаққа өткен. Соның ішінде «Қарағанды Энергоцентр» бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарағандыдағы 1 және 3-жылу электр орталықтары қаланың тұрғындары мен кәсіпорындарына электр мен жылу энергиясының негізгі жеткізушісі болып саналады. 1-станса 1960  жылы, 3-танса 1977 жылы іске қосылған. Қазір шаһардың шамамен 80%-ы осы орталықтар арқылы жылумен қамтылған. Биыл маусымға дайындық 8 айға созылыпты. Екі стансада негізгі жабдықтар жөнделіп, 26 техникалық жұмыс жүргізілген екен. Оның ішінде 5 қазандық 3 турбина толық күрделі жөндеуден өткен. Салым көлемі 23,8 млрд теңгені құрады. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, бұл қаражат экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға және қуаттылықтағы шектеулерді жоюға бағытталған.

«2023 жылы 28 қыркүйекте кәсіпорыннан тыс жерде жергілікті апат болды, оның әсері бізге де тиген. Қазір жөндеу мен қаржыландырудың арқасында үлкен шаруа атқарылып жатыр. Сонымен қатар газ тазарту жүйесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Ол да жаңартылып, жаңа құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Жалпы айтқанда, бұл іске шамамен 23 млрд теңге жұмсалды», – деді  «Қарағанды энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.

Қарағанды облысында экология мәселесі әлі де өзекті, оған әсер ететін бірден-бір фактор - жылу қазандықтарының шығарындылары. Түйткілді шешу үшін кәсіпорын қазандық агрегаттарына үшінші буын эмульгатор орнатты, ол шығарындыларды 99 пайыз тазартуға мүмкіндік береді. Қазір 3 жаңа қондырғы жұмыс істеп, қалдық күлді ұстап, ауаға зиянды заттардың түсуін азайтты. Алдағы уақытта тағы 2 қазандыққа жаңа жүйе қойылады.

«Ескі қондырғылар, ескі жабдық. Жақсартамыз, бірақ мәселе шешілді деп айта алмаймыз. Неге десеңіз жыл сайын экологиялық жағынан нормативтер төмендейді, бірақ сұраныс өсіп жатыр. Сол себепті жаңа энергоблок салып жатырмыз, сол энергоблоктың экологиялық жағынан қондырғылары, жабдықтары әлемдік деңгейге сай болады», – деді Кәсіпорынның техникалық директоры Мадияр Алтыбаев.

Айта кетейік, 3-жылу электр орталығында биыл күзде жаңа энергия блогының құрылысы басталған. Бұл жоба өңірдің энергиялық мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Алдағы үш жылда орталық қосымша 140 мегаватт электр қуатын өндіре алады. Жаңа энергия блогы іске қосылғаннан кейін 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі. Жобаның жалпы құны 134,6 млрд теңгені құраған. Ал құрылыс 2028 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Мәди Бажн, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Қарағанды

Оқи отырыңыз: Автобус апаты: Астанада жүргізушісі қаза тапты

Новости партнеров