Аудандық әкімдік мәселені модернизациялау арқылы шешуге болатынын айтты
Алматы облысы Қарасай ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірін нәжіс суы басып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан ескірген кәріз құбырлары жарылып, көпқабатты үйдің жертөлесін сасық су басып қалғанын байқауға болады. Енді 8 қабаттық кешен тұрғындары қолқаны қабатын иіске тұншығып отыр.
Жалпы мұндағы мәселе мұнымен шектелмейді. Тұрғындардың айтуынша, үйдің инженерлік жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Жеделсаты 8 айдан бері істемей тұр. Лифтті жөндеуге тұрғындардан қаражат жинағанымен, нәтиже жоқ көрінеді.
«Жағымсыз иіс шығып жатыр. Ол жай таза су емесғ кәріз құбыры жарылған. Ауаға инфекция тарап жатыр. Шатырдан бірнеше жылдан бері су ағып тұрады. Қабырғалары көтеріліп, ажырап, құлайын деп тұр», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Құралай Қырбай.
Ал бірнеше жылдан бері шатырдан сорғалаған су қабырғаларға сіңіп, пәтерлерді ылғал басқан. Соның салдарынан үй іші көгеріп, сылағы түсіп жатыр. Тұрғындар үйді күтіп-ұстауға, жөндеуге, қосымша қызметтерге төлем тұрақты түрде алынып отырғанын айтты.
«Бәрі біткен. Төбесі де, жертөледе тозып кетті. Басқа қалаға кетсек, сата алмаймыз, шындығы керек», – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Бақыт Жұмағұлова.
Аудандық әкімдік бұл мәселені модернизациялау арқылы шешуге болатынын айтты. Шатырды жөндеу және ішкі жұмыстарды ретке келтіру үшін тұрғындар ПИК-тен шығып, мүлік иелері бірлестігін құруы керек. Бірақ оған көпшілік келісім бермей отырған көрінеді.
«Аталған тұрғын үй кешенінде шатырына, жеделсатыға қатысты мәселе бар Жаңа заң аясында, әр үйде меншік иелерінің бірлестігін құру керек. Бұл жерде 4-5 тұрғын үйде құрылған. Қалған 15 үйде бірлестік жоқ. Мемлекет тарапынан меншік иесі бірлестігін құрған үйлерге жеделсатыны реконструкциялау, шатырын модернизациялауға қаржы қарастырылады», – деді Қарасай ауданы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Жүнісбек.
Қазір жертөлені жайлаған нәжіс суын жұмысшылар сорғымен сорып, жағдайды біртіндеп ретке келтіріп жатыр. Көпқабатты үйдегі түйіні шешілмеген өзге де түйткілдерді әкімдік тұрғындармен жиналып, шешу жолдарын талқылайтынын жеткізді.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Медицинадағы былық: Маңғыстау облысында 600 миллион теңгеден аса қаржы жымқырылған