Қарсы жолаққа шығып кеткен: Түркістан облысындағы екі жігіт қаза тапты

Ресми дерек бойынша, жол талғамайтын және жеңіл көлік бетпе-бет қақтығысқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында жантүршігерлік жол апаты болып, 27 жастағы 2 жігіт көз жұмды. Тағы бір адам ауруханаға түсті. Қайғылы жағдай Сайрам мен Төлеби ауданының шекарасында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресми дерек бойынша, жол талғамайтын және жеңіл көлік бетпе-бет қақтығысқан. Соққының қатты болғаны сонша, жеңіл автомобиль жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында жан тапсырыпты. Ал ауыр жарақат алған 19 жастағы жігіт ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал қираған көліктер арнайы айып тұрағына қойылған. Полиция мәліметінше, апатқа жол талғамайтын автокөлік жүргізушісі кінәлі болуы мүмкін.

«Алдын ала мәліметтер бойынша «LiХiang» автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып «ВАЗ-2114» автокөлігімен соқтығысуға жол берген. «LiХiang» жүргізушісі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Тергеу нәтижесімен қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Әбдіжаппарова.

Оқи отырыңыз: Заңсыз тауар: Елорда әуежайынан жүздеген жаңа iPhone тәркіленді