Қарындасымның арын таптағандарға кешірім жоқ: жетім қызды зорлаған 8 жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды

09.04.2026 20:49

Білім ордасының басшысы бұл жайтты бес күн бойы жәбірленушінің ағасынан жасырған

«Сегіз жігіт екі ай бойы 15 жастағы жетім қызды зорлап келген». Осылай деп, әділдік іздеген жәбірленуші тарап өкілдері азғындық көрсеткендердің әлі бостандықта жүргенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Танысып, сөйлесіп көрейік» деп басталған әңгіменің арты осындай жаға ұстатарлық зорлыққа ұласқан. Өрімдей қызды ең алдымен 26 жастағы ауылдасы зорлаған көрінеді. «Егер кездесуге шықпасаң, менімен хат алмасқаныңды ағаңа жайып салам» деп бопсалап, түн жарыма сыртқа шығуға мәжбүрлеп жүріпті. Күдіктілер саны бірте-бірте көбейіп, ақырында кәмелетке толмаған жасөспірімді сегіз жігіт қорлаған. Олардың бесеуі оның ауылдасы болса, қалғаны көрші елдімекеннен.

«Ол кезде ол ішімдік ішіп келіп алған. Сосын мен машинаның артына отырдым. Сол кезде маған тиісіп бастады. Ернімнен сүйді, мойнымнан иіскеді. Санымнан ұстады. Мен оған қарсылық білдірдім. Машинаның есігін ашып жатқан кезде қолымды қайырды. Еркімнен тыс жыныстық қатынас жасады», - деді жәбірленуші қыз.

Қыздың қорланғанын естіген сыныптасы мектеп ішінде сыбыс таратып, ақырында ақпарат директордың құлағына жеткен. Оқушының өзімен сөйлесіп, анық-қанығына жеткен білім ордасының басшысы бұл жайтты бес күн бойы жәбірленушінің ағасынан жасырған. Ашынған ағасы «мектеп психологы қарындасымның жай-күйін қалыпқа келтірудің орнына оған қысым көрсетті» дейді.

«Қыз «көке осындай жағдай болды, мен сізге айта алмаймын, қалай айтам» деп өкіріп жылайды. Қашан, кіммен түсінбеймін? Директорге бардым. Жігіттердің арасында екі мұғалімнің баласы бар. Сол жерде қылмысты жасырмақшы болған. Туыстары үйге жиналып келіп  «қоя салайық, ұят болады» дейді, олардың айтуынша, қыздың өзі кінәлі боп қалады», - дейді жәбірленушінің заңды өкілі, ағасы Мұхтар Мәлібек.

Айта кетейік, арыз құқық қорғау органдарына 16 наурызда жазылған. Алайда сегіз күдіктінің ешқайсысы әлі қамауға алынбапты.

«Кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы іс - өте ауыр бап, өмір бойына жаза көзделген бап. Олар тергеу алды қамауда болуы керек. Қазір қыздың телефонын тергеу органдары алған. Сондықтан тергеу органдарынан тергеу басталған кезде қыздың телефонындағы барлық мессенджерларды тик ток, ватсаптағы қаңтардан бері жазылған хабарламаларды қалпына келтіруді талап етеміз. Сол кезде анық байланыс шығады», -  деді жәбірленушінің адвокаты Инга Иманбай.

Алматы облысының полиция қызметкерлері он алты жасқа толмаған белгілі тұлғамен жыныстық қатынас жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

«Жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру іс-шаралары аясында оқиғаға қатысы бар тұлғалар шеңбері анықталуда, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Оқиғаны жан-жақты, толық әрі объективті тергеп-тексеруді қамтамасыз ету мақсатында тергеу-жедел тобы құрылды. Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», -  деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Жәбірленуші тарап барлық күдіктіге қатысты әділ тергеу жүргізіліп, олардың заң алдында жауап бергенін талап етіп отыр. "Қарындасымды бопсалап, арын таптағандарға кешірім жоқ", - деп қорытындылады оның ағасы.

Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Үйлердің іргетасы сөгіліп кетті: Жетісай ауданындағы 30-ға жуық елдімекен тұрғындары көшуге мәжбүр