Қаржы пирамидасын басқарған күдікті Грузиядан экстрадицияланды

16.01.2026 16:48

Оған 6,5 млрд теңге жымқырды деген айып тағылып отыр

Видеодан кадр

Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бас прокуратура хабарлауынша, күдікті Астанада «World Busines Consulting» қаржы пирамидасының құрылымын басқарды, оның бөлімшелер желісі 2018-2022 жылдары Қазақстанның түрлі өңірінде азаматтармен жоғары пайда алуды сылтауратып, 6,5 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз тартқан.  

Аталған қылмыстық ұйымның бірқатар қатысушысы нақты бас бостандығынан айыруға сотталды.

«Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың қарашасында ол Грузияда ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды», - делінген хабарламада.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көрсетілген қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Алматыда Инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығы ашылды