Жамбыл облысында 5 ауылды ауданмен байланыстыратын көпір құлауы мүмкін

16.01.2026 16:50

Тұрғындар 2 жыл бұрын ғана өткелдің жөнделгенін жеткізді

Жамбыл облысында 5 ауылды ауданмен байланыстыратын үлкен көпір тозып тұр. Стратегиялық маңызды өткелдің қос қасбеті үгітіліп, тіреуішіне де жарықша түсе бастаған. Жұрт көпір бір күні опырылып түсе ме деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сарысу ауданының 5 ауылына арналғанөткелмен тәулігіне 200-ге жуық көлік өтеді. Бірі жұмысқа асықса, енді бірі аурухана мен құжатымен ауданға барады. Мал айдап өтетіндер де жетерлік. Алайда барлығы жанын шүберекке түйіп жүреді. Себебі көпірдің екі жағында жарықша пайда болып, бетоны әр жерден бір жарылған.  

«Қазір үстінен машина жүру қорқынышты. Өздеріңіз көріп отырғандай жарылып жатыр. Тесіліп түбі көрініп тұр. Жан-жағындағы адам өтетін шарбағы құлап жатыр», – деді Досбол ауылының тұрғыны Болат Жұмаділ.

Тұрғындар 2 жыл бұрын ғана өткелдің жөнделгенін жеткізді. Яғни ауылға апарар 25 шақырым жол жөнделгенде, көпір де асфальтталған екен. жол жөндеу жұмысына 737 млн теңге қаралған. Одан қалды 40 жылдық тарихы бар өткелге 3 рет ағымдағы жөндеу жасалған.

«Жөндеу жұмыстары 3 жылға шыдамайды. Өтуге қорқамыз. Тоқтап көріп, сосын жүреміз», – деді Досбол ауылының тұрғыны Ғабит Бигулин

Ал жауаптылар көпір апаты нысанға жатпайтынын айтты. Кеңестік кезде салынғаны болмаса, «пайдалануға болады» деген шешімге келген. Алайда күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғанын жасырмайды. Облыстан қаржы бөлінгенше, шұрық тесік жерлерін жамап бермек.

«Досболдағы көпірдің жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Оны әлі де күтіп ұстау жұмыстары жүргізіледі. Биыл облыстық маңызы бар автожолды күтіп ұстау жұмыстары аясында көпір жақтауларын, бетон өткелдерін жөндейміз», – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Дархан Абдуанов.

Жалпы облыста көпір мәселесі өзекті болып тұр. Тараз бен аудандарда бас аяғы 7 өткел күрделі жөндеуді қажет етеді.  Жауаптылар мәселені шешу үшін бюджеттік өтінім берген. Бірақ қаражаттың қашан бөлінері белгісіз.

Нұрғиса Қаржаубай,  Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Әкесін аяусыз ұрып-соғып, қинап өлтірген түркістандық азаматқа қатысты сот үкімі шықты