Президент жаһандық үдерістер жағдайында Қазақстанның дамуға бағытталған айқын ұстанымын атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында өткен жылдың негізгі нәтижелерін атап өтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы басымдықтары жөнінде ой бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, соңғы бір жыл Қазақстан үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Экономика оң өсім көрсетіп, бірқатар рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді.
«Шынымен де, айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Мысалы, экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсуге жол бермеу қажеттігін атап өтті.
«Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары “Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар” дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес», – деді Президент.
Президент инфляция мәселесіне де тоқталып, оны еңсеру Үкімет пен өңір басшыларының басты міндеттерінің бірі екенін айтты.
«Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сұхбатта Мемлекет басшысы еліміздің реформалар жолына түбегейлі бет бұрғанын атап өтті.
«Дей тұрғанмен, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты», – деді Президент.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістер жағдайында Қазақстанның дамуға бағытталған айқын ұстанымын атап өтті.
«АҚШ президенті Трамптың “ақылға сыйымды ой” стратегиясының ықпалымен жаһандану үдерісі кейінге ысырыла бастады. Біз де Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын табады», – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев