Қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру – Тоқаев жаңа салық реформасы туралы

Depositphotos
Depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елімізде жүргізіліп жатқан салық реформасының мәні мен маңызына тоқталып, оның басты мақсаты экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету екенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, салық реформасына қатысты пікірталастардың болуы – қалыпты жағдай. Алайда қоғамда негізсіз дүрбелең туғызуға ешқандай себеп жоқ.

«Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қатысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда қолға алынған өзгерістердің жай ғана фискалдық шара емес, салық жүйесін түбегейлі қайта құру екенін атап өтті.

«Біздің реформамыз – қатардағы “фискалдық науқан” емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз», – деді Президент.

Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қосымша құн салығына қатысты ұсыныстарға да тоқталды.

«Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім», – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа Салық кодексінің басты қағидаты бақылау емес, серіктестік болатынын атап өтті.

«Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы салық төлеу ұғымының заманауи қоғамдағы рөліне де ерекше назар аударды.

«Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан “белсенді ортаны” одан әрі дамыту тәсілі», – деді Президент.

Сұхбат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев салық мәдениетін қалыптастыру қоғамның дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады», – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев

Новости партнеров