Тау бөктерінде орналасқан балалар лагерінде кенеттен дабыл қағылып, оқу-жаттығу эвакуациясы басталды
Алматының тау бөктерінде демалып жатқан балалар төтенше жағдай кезінде әрекет етуді үйренді. Шаһардың Медеу ауданында құтқарушылардың қатысуымен «Қауіпсіз демалыс» атты шеберлік сабағы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тау бөктерінде орналасқан балалар лагерінде кенеттен дабыл қағылып, оқу-жаттығу эвакуациясы басталды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ұйымдастырған іс-шарада демалушылар мен лагерь қызметкерлері қауіп төнген сәтте ғимараттан жедел шығу жолдарын пысықтады. Сондай-ақ балалар арнайы мобильді симулятор арқылы нақты сейсмикалық қауіпті сезініп, жер сілкінісі кезіндегі ең дұрыс іс-қимылды іс жүзінде меңгерді. Бұл жаттығу жасөспірімдердің экстремалды жағдайда үрейге бой алдырмауына септігін тигізбек.
«Балаларға өрт қауіпсіздігі, жер сілкінісі, судағы қауіпсіздік туралы айтылады. Сонымен қатар викториналар, ойын түрінде өткізіліп жатыр. Бүгін 100-ден аса баланы қамтыдық, яғни 6 және 12 жас аралығындағы балалар қатысты», – деді Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Ақтыныс Алтыбаева.
Іс-шараның екінші кезеңінде құтқарушылар заманауи өрт сөндіру автокөлігінің жауынгерлік қанат жаю процесі мен авариялық-құтқару жабдықтарын таныстырды. Арнайы ұйымдастырылған «Құтқарушы мектебі» өрт эстафетасында балалар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырды. Тілсіз жаумен күресудің қыр-сырын көрген жеткіншектер өрт сөндіру құралдарын өз қолдарымен ұстап, кәсіби мамандардың күнделікті жұмыс ырғағын жақыннан тамашалады.
«Мамандар осында арнайы келіп, балаларға төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуді және алғашқы көмек көрсетуді үйретті. Бұл балалардың үлкен қызығушылығын тудырды. Төтенше жағдайлар департаментіне алғыс айтамыз», – деді балалар лагері директорының орынбасары Қайрат Жапарғалиев.
Интерактивті ойындар мен викториналар арқылы демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері мен тұрғын үйлердегі терезелерді қауіпсіз пайдалану қағидалары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Демалыстың қызықты ғана емес, қауіпсіз болуы маңызды екенін ұққан балалар дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетуді де үйреніп шықты. Төтеншеліктер мұндай профилактикалық акцияларды жаз соңына дейін қаланың өзге де сауықтыру орталықтарында жалғастыруды көздеп отыр.
Диана Жұматай, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматыда Сейфуллин мен Масанчи көшелері қалай өзгереді