Кино және театр өнерінің абызы 88 жасында өмірден озды
КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ер, кино және театр өнерінің абызы Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден озды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылмада дүниеге келген.
1956 - 1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген.
Ол Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында М. Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И. Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал, А. Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен және тағы басқа көптеген образды сомдады.
Асанәлі Әшімов – қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры», 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, 1972), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Трансібір экспресі»), 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел («Нан дәмі»), Нұрғазы («Алатаудың ай мүйізі»), Қаражал («Жаушы», 1980), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел», 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті.
Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н.Гогольдің «Ревизор» (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И. Оразбаевтің «Мен ішпеген у бар ма?!» (екеуі де 1987), С. Ванустың «Сұлтан болсам егер мен» (1988), жылы Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» (1989) спектакльдері мен ол түсірген «Жылан жылы» (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), «Шоқан Уәлиханов» (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді.
Асанәлі Әшімов — театр педагогы, профессор. Ол жас буынға өнердің қыр-сырын үйретіп, актерлік дәстүрдің үзілмей жалғасуына еңбек сіңірді.
Өмірінің соңғы кезеңіне дейін Асанәлі Әшімов Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі ретінде ұлттық театрдың көркемдік бағытын айқындауға атсалысып келді.
Өнердегі еңбегі жоғары бағаланған Әшімовке 1976 жылы «Қазақ КСР халық әртісі», ал 1980 жылы «КСРО халық әртісі» атағы берілді. Сондай-ақ ол Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының (1973) және КСРО мемлекеттік сыйлығының (1974) лауреаты атанды. 2017 жылы Асанәлі Әшімовке елдің ең жоғары марапаттарының бірі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы тапсырылған.
Оқи отырыңыз: «Тамашаны» тарту еткен халқына: Лұқпан Есеновтің өмірі туралы беймәлім деректер